Ауданаралық өнер фестивалін ОҚО Түлкібас тарландары жалғады. Аймақтар арасындағы мәдени байланысты арттыру мақсатында қолға алынған шарадатүлкібастықтар да аянып қалмады. Көп уақыт көрермен есінде қалу үшін күн ұзаққа түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Ән мен жырдың ордасына айналған Шымкенттегі Шәмші гүлзары бүгін ерекше кейіпке енді. Алдымен, ауданның тауар өндірушілері ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды. Мұнда табиғи таза өнімдер арзандатылған бағамен сатылды. Ел алғысын арқалаған жәрмеңке әсерлі ән кешіне ұласты. Оның сәтті өтуіне 600-ден астам өнерпаз күш салды. Нұрбол Тұрашбеков – Түлкібас ауданының әкімі «Оңтүстіктің қақпасы саналатын Түлкібас өңірі өсіп-өркендеп, дамып келеді. Ендігі мақсат — аудандағы жас өнерпаздарымыздың талантын ашып, қолдау көрсету. Болашақтағы жұмысымыз -еліміздің тыныштығы, ынтымағы мен бірлігін арттыру». Мәдени шара ұлттық дәстүрді ұлықтауға көп септігін тигізді. Патша көңілді көрермен бұл күні аудан ісмерлерінің қолынан шыққан туындыларды тамашалады. Ел шежіресіне терең бойлап, тарихи картиналардың құндылығына жоғары баға берді. Жанат Егембердиева – технология пәнінің мұғалімі «Шымкент қаласының тұрғындарына өзіміздің үйірмеде жасаған жұмыстарымызды бүгін көрсетуге әкеліп отырмыз. Біздің бұл жұмыстарымызға қала тұрғындары қызығушылық танытып, қайта-қайта келіп, көріп жатыр. Суретке түсіп жатыр». Өнер фестивалінің мәні Елбасы мақаласын қолдау іс-шараларымен арта түсті. Қазақ әдебиетінің көрнекі өкілі Мархабат Байғұт бастаған топ жиналғандарды жұрт үшін жұмылып, ел үшін егіліп, еңбек етуге шақырды. Ел барда ердің есімі өшпейтінін айтты. Тартымды шара әсерлі ән кешіне жалғасты. Мұнда да ғасырлық ғұрып, сан жылдық салт насихатталған халық әндерінің рухы үстем болды. «Туған жер – алтын бесігім». Фестиваль басталғалы Шымкентте 5 ауданның белді әнші-күйшілері өнер көрсетті. Түлкібастықтар алтыншы ауданның намысын қорғады. Алдағы сенбіде түркістандықтар келіп, әннің туын тігіп, жырдың жібін байлайды. Тұрмыс түйткілін ұмытып, ән қанатында қалықтауға шақырамыз!
МАҚСҰТ Жарылқасын