«Оңтүстiк Қазақстан» қоғамдық саяси газетiнiң редакциясы Қазақстанда тұңғыш рет мектеп оқушылары арасында 2017 жылдың 26 қыркүйегiнде батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын…» атты облыстық байқау өткiзудi қолға алып отыр. Бас жүлде алған оқушыны даярлаған мұғалiмге бәйгеге «темiр тұлпар» берiледi. Жүлдегерлердiң ешқайсысы да сыйлықтан құралақан қалмайды. Байқау Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында сағат 10.00-де басталады. Келiңiздер, көрiңiздер! «Оңтүстiк Қазақстан» газетi редакциясының осынау игi бастамасын ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла қолдаңыздар!
Қайырғали МЕДЕТ, журналист-жазушы:
– Оңтүстiктегi бағдар түзер басылымның бағалы бастамасы баянды болсын! Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен астасып жатқан бастама. Ертегi тыңдап, мақал-мәтелдi зердесiне құйып, батырлар жырын жаттап өскен қазақ баласы ешқашан ұлттық болмыстан алшақ кетпейдi. Тура жолдан адаспайды. Отансүйгiштiк, патриоттық сезiмдерi жоғары болары сөзсiз. Сондықтан «Оңтүстiк Қазақстан» ұжымының ұлттық тәрбиеге ден қойып, жасөспiрiмдерге батырлар жырын жаттаудан бәйге ұйымдастыруы кез келген ұлтжанды азаматты қуантары сөзсiз. Өзге ұжымдар өлкенiң бас газетiнен өнеге алып, ұлтқа қажет тың iс-шараларды қолға ала берсе деп тiлеймiн!