«Туған жер – алтын бесігім» өнер фестивлі аясында облыстық №5 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданының өнерпаздары «Қарттарым, аман-сау жүрші» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды. Дәстүрлі әнші Мұхтар Асановтың орындауындағы «Қарттарым, аман-сау жүрші» әніменен басталған концерттік бағдарламада бірнше патриоттық әндер орындалды. Кештің көркін отырарлық жас ақындар Г.Жүсіпәлиева мен Б.Базарбектердің айтысы қыздырды. Қам көңілді, жаны жаралы, қамқорлыққа зәру қариялар отырарлық өнерпаздардың концерттік бағдарламасына риза болып, бір серпіліп қалды. «Ән падишасы» Шәмші Қалдаяқовтың «Шалқыған Шәуілдір» әнімен шаттыққа бөлеген кеште аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйлесе, орталықтағы қазыналы қария Құралбек Омарұлы аудан өнерпаздарына алғысын білдірді. Күмбірлете күй тартып, мың бұрала би билеген, әуелете ән салған отырарлық өнерпаздар көрермендерге керемет көңіл күй сыйлады. Аталмыш концерт алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Концерт соңында орталықтағы қариялар отырарлық өнерпаздардың «Дала дастаны» әнін бірге шырқап, қосылып отырды.
Связанные истории
13.09.2024
272228