Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов аудандағы мал басын асылдандыру мен көбейту жолында еңбек етіп келе жатқан бірқатар шаруа қожалықтарын аралап шықты.
Атап айтсақ, «Ақтөбе» ауыл округіне қарасты жылқы шаруашылығымен айналысатын «Бек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі игілікті істерін көзімен көрген аудан басшысы мал мен жайылым мәселесімен толықтай танысты. Бұл шаруа қожалығы жусаны мен изені, дерменесі мен итсигегі және де төрт түлік малға қорегі мен нәрі мол өсімдіктерге толы аймақта орналасқан. Біз барған сәтте күннің ыстығында үйездеген төр түлік мал шыңыраудан шығып жатқан тастай мөлдір артезиан құдығындағы суатта шөл қандырып жатыр екен.
Осы маңнан аса ұзай қоймаған «Алтыбас» ЖШС-на қарасты отар-отар қазақы қойлар жайылған және «Көпен» шаруа қожалығының меншігіндегі асыл тұқымды сиырлар өрбіген жайлауды аудан әкімі мен сала басшылары аралап көрді.
Шаруа қожалығын бес боталы түйемен бастаған «Гүлмайра» шаруа қожалығы бүгінде 361 бас боталы түйе бағып, олардың өнімін «Отырар шұбаты» деген атпен бүкіл елімізге таратып отыр. Отырарлық кәсіпкерлер осылайша аудан бюджетінің бүйірін молайтуға мол үлес қосып отыр.
Боталы түйе мен құлынды бие және бұзаулы сиыр мен қозылы қойларды шілденің шіліңгір ыстығында ауруға ұрындырмай еті мен сүтін нарыққа шығарып отырған шаруалардың тірлігіне жоғары баға берген аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы алдағы уақытта мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді тиімді түрде пайдаланып, мал басын асылдандыру және көбейтуге жағдай жасалғанын жеткізіп, істеріне береке, шаңырақтарына шаттық тіледі.