Оңтүстік — өнердің алтын ордасы. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған бұл өлкенің жастары белсенді, өнерге құштар. Күні кеше, облыс орталығында оңтүстікқазақстандық жастар «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің белсенді жастары өңір тұрғындарына ерекше әсер сыйлады. Шара шерушілері «Shymkent plaza» ойын-сауық орталығында қазақтың дәстүрлі әндерін дәріптеді. Естелік сыйлықтар үлестірді. Аталмыш шараның негізгі мақсаты, Елбасының «Болашыққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын жастар арасында кеңінен насихаттау. Ұлттық кодты жаңғырту. Оған өңіріміздің жас үздіктерінен құралған топ белсенді атсалысты. Шәмші әндерінен папури орындап, дәстүрлі әндерді тамылжыта шырқады. Викториналық сұрақтар қойып, жас қол өнершілердің қолынан шыққан қыш құмыраларды сыйға тартты Зияткерлік шараға қатысып, естелік сыйлықтарға ие болғандардың бірі — қала тұрғыны Висани Дугучиев. Ол өзге ұлт өкілі болса да, қазақ елінің тарихына байланысты сұрақтарға алғаш болып дұрыс жауап берді. Мерекелік көңіл-күй сыйлаған жастарға айтар алғысы мол. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Замана сынынан сүрінбей өткен озық дағдыларды жаңғырта білген жастардың мақсаты айқын. Талабы таудай. Ел ертеңі білімді жастар екенін дәлелдеп бақты.
НҰРСҰЛТАН Мұхамеджанұлы