Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласын іске асыруға Әл-Фараби аудандық ардагерлер алқасы да атсалысуда. Олар тәрбиенің тамаша үлгісін көрсететін зиялы қауым өкілдері мен зейнеттегі тау тұлғаларды бір ортаға жинады. Оқушылар мен студент жастарға мәні терең әңгімесін айтты. Мемлекеттің бірлігі, жарқын болашағы – аналардың қолында. Себебі, ол – шағын отбасының шырағын жаға отырып, елдің тұтқасын ұстар ұрпақты тәрбиелейді. Осылай деген жиын қатысушылары «Елбасы жүктеген міндеттерді орындап, ұлттық кодты сақтауда аналардың рөлі орасан», — деді. Кештің басты қонағы — Дариға Жансейітова. Ол бар өмірін баланың сауатын ашуға арнаған жан. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың ұлағатты ұстазы. Айтулы шарада жастарға өзінің жүріп өткен өмір жолын айтып, әрбір қиындықтың артында бір жақсылықтың күтіп тұратынын түсіндірді. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында өткен мәдени шараның жастарға берер өнегесі көп. Басқосуда Дариға ападан басқа ел алғысына бөленіп, игі ісімен көзге түскен кейуаналар мен 100-дің жүзін көрген Әз Әжелер де болды. Олар алқалы топтың бар сауалына жауап беріп, өмір өткеліндегі қызықтар мен қиындықтарды айтты. Ел үшін еңбек етіп, тер төккендердің қызметіне жастар алғыс білдірді. Бұл жиын рухани жаңғырып, болашаққа бет алу үрдісі тау тұлғаларға тағзым етуден басталатынын тағы бір дәлелдеді.
АЙЖАН Әшірхан