ОҚО дағы Отырар – шежiрелi де киелi мекен. Тәуелсiз елiмiз адамзат тарихындағы өсу мен өркендеудiң, даму мен жарқын болашақтың жаңа белесiне қадам бастық. Елiмiздiң ертеңi кемел болсын десек, өткен тарихымызды ұмытпай, жаңғыртып отыруымыз қажет-ақ. Егемен елiмiздiң тарихынан ерекше орын алатын тұлғалардың бiрi – Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Батыр бабамыздың 146 жылдық мерейтойы балуанның туған жерi Отырар ауданы Ақтөбе елдi мекенiнде кең көлемде аталып өттi. 1934 жылы Қажымұқан бабамыз туған жерге оралады. Ақтөбе ауылындағы жота жақтағы беткейге келiп жайғасады. Ал, 1947 жылы Ордабасы ауданы, Темiрлан ауылына көшiп кетiп, сол жақта дүние салған. Ақтөбеде балуан тұрған үйдiң орнында бүгiнде ашық аспан астындағы мұражай бой көтерген. Тозған үйдi ауылдағы бiлiм ошағы өз қарамағына алып, қайта қалпына келтiрген. Мұражайдың iшi-сырты реттелiп, күрделi жөндеуден өттi. 2009 жылы демеушiлердiң көмегiмен балуанның ескi үйiнiң орнына дәл сондай қоржын там салынып, төбесi су өтпейтiн қаңылтырмен қапталды. Мұражайда батыр бабамыздың ел iшiндегi туған-туыстары мен дос-жарандарынан жиналған құнды жәдiгерлер сақтаулы тұр.Сол мұражайды заманауи талаптарға сай жасақтап, жанынан саябақ құрылысын жоспарлап, арнайы жоба да жасадық. Жоспарымыз iске асса бабамыз тұрған орын гүлзар баққа айналып, ауыл тұрғындары мен қонақтарының демалатын орнына айналмақ.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ руханиятының ұлы тұлғасы. Тау тұлғаны қалай ұлықтаса да жарасады. Iзiн жалғайтын, тарихты ұмытпайтын ұрпақтары бар жерде ұлы бабаның мұрасы өлмек, өшпек емес. Ойға алған мақсатқа жету үшiн арнайы шот ашылып, қор құрылды. Арнайы есепшотқа жиналған қаржы мұражайдың құрылыс жұмыстарына жұмсалмақ. Егер осы игiлiктi iске қол ұшын созып, демеушiлiк жасаймын, өз үлесiмдi қосамын дейтiн азаматтар табылса «Қажымұқанның қара шаңырағы» қоғамдық қоры есепшотының реквизиттерiн ұсынамыз:+
Жангелдi НҰРОВ, Қ.Мұңайтпасов атындағы орта мектебiнiң директоры. Отырар ауданы, Ақтөбе ауылы.