Отандық туризмді дамыту – Ел үшін маңызды тақырып. Тұмса табиғаты, саф таза ауасы бар біздің өлкеде де оған сұранып тұрған мекендер аз емес. Әйтсе де, қолда бардың қадірін білмей, білсек те оны іске асыра алмай жатқан жайымыз бар. Алдағы уақытта осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін жергілікті билік бірқатар шараларды жүзеге асырмақ. Соның бірі ОҚО Қазығұрт тауындағы «Кеме қалған» ескерткіші. Алдағы уақытта бұл жерге үлкен нысан салынбақ. Жуырда облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен 14 сессиясында облыс басшысы осы туризм саласын дамытуға байланысты бірқатар тың жобалар жайында әңгіме етті. Өңір басшысының айтуынша алдағы уақытта Ордабасы тауында үш бидің еңселі ескерткіші тұрғызылса, ал Қазығұрт тауында кеме бейнесіндегі алып кешен салынбақ. Мұндай жағымды жаңалық облыста өткен алқалы жиында айтылды. Ол алып кеме бейнесіндегі бірнеше қабатты нысан болмақ. Бұл жоспар алдағы уақытта іске асып жатса, оның ішінде келушілерге қажетті барлық жағдай жасалмақ. Бұл әзірге жоба күйінде және елдің қалталы азаматтарына құлаққағыс ретінде айтылған жоспар. Әйтсе де, оның іске асарына сенім мол. Рас, қазір де «Кеме қалған» маңында құрылыстар жүргізілуде. Бірақ, ол салынатын нысан маңайын көріктендіру мен көркейтуге арналған жұмыстар. Жандос Мырзатаев — құрылысшы «Киелі қазығұрттың маңызы артқаны дұрыс. Бұл жерде алып нысан салынады деген сөзді естіп, қуанып та жатырмыз. … келушілер көп.» Шындығында Қазығұрт тауындағы «Кеме қалған» ескерткіші де туризмге сұранып тұр. Бұл мекенге күн сайын келіп – кетушілер саны артпаса, азайған емес. Ал, таудың басына кеме бейнесіндегі ғажайып құрылыс еңсе тіктесе, қасиетті таудың маңызы артып, туризмге де кең тыныс ашылары анық. Тек, қолдаушылар көп болсын.
МҰХТАР Атабек