«Рухани жаңғыру»» бағдарламасы аясында қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Ата-баба дәстүрін сақтайық» тақырыбында кездесу болып өтті.
ОҚО Кентау көпсалалы колледжімен бірлесе өткізілген кездесу қалалық мұражайда өтті. Кездесуге Кентау қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, акбар қажы Рахым Балабиев пен Кентау қаласының Құрметті азаматы, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұратбек Абдуллаев қадірлі қонақ ретінде қатысты.
«Қаратау тәжі» әдеби бірлестігінің төрағасы Р.Балабиев жастарға салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтар туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, кездесу барысында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы сөз етті.
Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек — деген Президентіміз Н.Назарбаевтың тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өткендігі туралы қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы М.Абдуллаев кеңінен тоқталып өтті.
Жастар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар туралы сауалдарына жауап алды. Кентау қаласындағы әрбір іс-шараларға қоғамдық ұйым өкілдері көптеп тартылуда. «Шаңырақ шаттығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе ұйымдастырылған кездесуде қалалық мұражайды таңдаудың басты себебі — мұнда келген жастар қала тарихы және кен өндіру ісіндегі жетістіктермен танысты. Мұнымен қоса, мұражай ішіндегі қазақтың салт дәстүрі дәріптелген бөлмеде ата-бабамыз қолданған ыдыс-аяқ, көне құралдар, үй жабдықтары, киіз үй секілді басқа да көне құндылықтарды тамашалады.
Кездесу соңында акбар қажы Рахым Балабиев жастарға батасын берді.
Связанные истории
13.09.2024
271920