Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған рухани орындар қайта жаңғыру аясында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қызы Гауһар анамыздың еріне арналып салынған Әлқожа ата кесенесі де назардан тыс қалмаған-ды.
Ахмет Ясауи мавзолейінен шығысқа қарай 2,5 км жерде Ә.Тұтқабаев көшесінің бойында орналасқан Әлқожа ата кесенесінің алдындағы жер тегістеліп, бау-бақшасы ретке келтірілді. Кесенеге келуші туристерге арналған жолдарға тас төселіп, жарық шамдар мен арнайы орындықтар орнатылды. Электр желілері толығымен қайта жаңғыртылып, кесененің ішкі және сыртқы қабырғаларындағы кейбір жұмыс барысында орын алған олқылықтар толықтай түзетілді. Бұл туралы Әзірет Сұлтан Мемлекеттік Қорық-мұражайы хабарлады.
-Айта кетейік, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.
Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды,-деп жазған болатын.
blognews.kz