Елбасы ұлы мақсатқа жетелейтін ұлт жоспарында мемлекеттік тіл — қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге баса мән береді. Төлебилік зиялы қауым мереке қарсаңында рухани жаңғыру мақаласында екшелген міндеттерді талқылады. Сең сөгіліп, туған тіліміздің еңсе тіктеуіне Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары екпін беріп отырғанын айтты. Сержан Дүйсебаев – ОҚО Төлеби ауданы әкімінің орынбасары «Жастарға айтарымыз өздеріңіз білесіздер бүгінде техникалық прогрес өте жоғары жылдамдықпен дамып кетті. Сондықтан, әлемдік деңгейдегі техникалық мағлұматтардан хабардар болу үшін ағылшын тілін білу міндеттелуде. Қазақта: «Өзге тілдің бәрін біл — өз тіліңді құрметте!» деген мақал бар. Сондықтан, ана тілімізге деген құрметіміз жоғалмасын!» «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады». Елбасының екі жыл бұрын жасаған бұл Үндеуі таулы аймақ тұрғындарының үдесінен шығып отыр. Қазір қоғамдық жиындарда, халықаралық басқосуларда ведомства басшылары да ана тілінде баяндама жасайды. Осының арқасында тілімізді де тұғырына қондыра алдық,-дейді жиынға қатысушылар. Елбасының мемлекеттік тілге қатысты ұстанымы мен қадағалауының арқасында мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылысы мықты. Сондықтан, аудан басшылығы мемлекеттік тілді дамыту жолында тынбай тер төккен азаматтар еңбегін еледі. Мектеп оқушылары үш тілде ән шырқады. Мәдени шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Айта кетейік, еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азамат қазақ тілін үйреніп шықты. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болып қалыптасты. Тіл мәртебесін арттыруға арналған жиынға қатысушылардың ортақ пікірі осындай.
CАТТАР Есімбеков