Отбасы – мемлекеттің іргетасы, һәм ажырамас бөлігі. Елдің тұрақтылығы мен өсіп өркендеуі – отбасына байланысты. Дамыған дәуірде кез-келген шаңырақ тыныштық пен молшылықта өмір сүруі керек. Сонда ғана озық отыз ел санатына қосыла аламыз. Осы мақсатта Елбасы бастамасымен 2014 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Отбасы құндылығын дәріптейтін дәстүрлі байқау теріскейде болып өтті. «Отбасы берекесі бірліктің қайнар көзі». Осындай ұранмен өткен шараға созақтық 12 шаңырақ қатысты. Ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын жас буынды рухани қанаттандыруды межелеген әр үміткер байқауда барын салды. Ұлттық рух, ұлттық сананы серпілткен кешке ұшан-теңіз үлес қосқан отбасыларды аудан әкімі Салыхан Сабырұлы арнайы алғыс хаттармен марапатталды. «Мерейлі отбасылардың» қатарында ОҚО Құмкент ауылынан Досболовтар әулеті де бар. Аудан жұрты бұл әулетті ұстаздар династиясы деп таниды. Шаңырақтың ұрпақ тәрбиелеудегі жалпы еңбек өтілі 409 жыл. Баба дағдысынан таймай ұстаздық ұлы жолды жалғаған Есен Досболов бүгінде ауданның «Құрметті азаматы». Құмкент ауылында ардагерлер кеңесінің төрағасы. Есен Досболов – ардагер ұстаз, Созақ ауданының «Құрметті азаматы» «Ауылымыздың жас отбасыларына үлгі өнеге көрсетіп жүрміз. Аудан әкімшілгіне рахмет. Ұстаздар жанұясында тұрамын». Байқау барысында үміткерлер қоғамда тұрақтылық тұғырын бекемдеу бағытын байыптады. Олар бүгінгінің ауыр дертіне айналған қарттар мен балалар үйінің жабылуын тілейді. Әшіркүл ана «отбасы ынтымағының одан әрі нығаюына сеп болатын осындай шаралар жиі ұйымдастырылса», — дейді. Әшіркүл Сейтжанова – зейнеткер «Мерейлі отбасы ұлттық конкурсына қатысқаныма өте қуаныштымын. 30 жыл денсаулық сақтау саласына жұмыс жасадым. Әр отбасы бақытты болуға лайық». Жиын соңында шағын мемлекет мүшелеріне бағалы сыйлықтар табысталды. «Еліміз мықты болуы үшін, Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек». Татулық пен тұрақтылықтың салтанат құруына сіз бен біз де мүдделіміз!
ДАНА Мырзақадір