«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында, түркі мемлекеттерінің достастығы күніне орай ОҚО Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында Халықаралық «Алтын сақа» анимациялық фильмдер фестивалінің жеңімпаздары анықталды.
Түркі әлемінің «Алтын сақа» анимациялық фильмдер фестиваліне Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Якутия, Алтай, Башқұртстан және Қазақстан Республикасының аниматорлары патриоттық рухты көтеруге арналған 21 фильмді қазылар алқасы назарына ұсынған болатын.
Қазылар алқасының шешімімен Алматы қаласының аниматоры Абай Әбілда «Оттан жаралғандар» фильмімен бас жүлдеге ие болды. Жүлделі бірінші орынды Өзбекстан Республикасының қатысушысы Дмитрий Власов «Гончар» қиял-ғажайып ертегісімен алса, екінші орынмен Түркия мемлекетінің аниматоры Ариф Османоглу «Теңіз қарақшылары» фильмімен жəне Қырғызстан Республикасының қатысушылары ағайынды Асанбек, Усанбек Алтынбаевтар «Первый камень» жəне «Жизнь» туындылары үшін марапатталды. Алматы қаласынан Куат Кониркульжаев, Рамиль Усманов, Юлия Тхай «Мақтаншақ қыз» анимациялық фильмі, Саха Республикасының қатысушысы Константин Тимофеев «Алаа Могус», Шымкент қаласының қатысушысы Мұратбеков Аймахан «Қазақстан бренді» фильмімен үшінші орынға лайық деп танылды. Фестивальдің мақсаты- түркітілдес мемлекеттер арасындағы мәдениет пен өнер ынтымақтастығы және достастығын нығайту, анимациялық фильмдер арқылы балалар мен жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, Түркі мемлекеттерінің анимация саласындағы шығармашылығын кеңінен насихаттау, әлемдік кеңістікке шығу және халықаралық қарым-қатынасты арттыра отырып аниматорлар арасында іс-тәжірибе алмасуға, шеберлік сабақтарын өткізуге ықпал ету болып табылады.
rgmedia.kz