Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы әр саланың дамуына даңғыл жол ашуда. Бағдарламалық құжатта туған жерді түлетуге баса мән берілген. Туып өскен өлкесіне көмек қолын созып, ауыл ажарын арттырғандардың азаматтық ісі көпшілікті тәнті етуде. Мұндай үрдіс Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданында да кең қанат жайған. Ауылдан қанат қағып, түлеп ұшқан еңселі ерлер ісіне елді сүйсінтті. Елді қуантқан берекелі істен бәйдібектік азаматтар да шет қалып отырған жоқ. Мәселен, Таңатар ауылындағы мына екі қабатты мектепті осы елден шыққан Қазақбаевтар отбасы салып берген. 150 оқушыға арналған білім ордасында бәрі бар. Заман талаптарына сақадай сай. Оқушылардың білім сапасы да жоғары. Өнерлі өрендер де осында. Аудан орталығындағы Шаян мектеп лицейі жанынан арнайы спорт алаңы салынып жатыр. Нысанның еңсе тіктеуіне осы мектепті бітірген түлектер ықпал етуде. Ал, Жүзімдік елдімекендегі жағдай да жақсы. Ауыл балаларының шынығып, шымыр болуы үшін белгілі кәсіпкер Талғат Ысқақов футбол алаңшасын салып берді. Бұдан бөлек, жабық спорт залы да бар. Бүгінде «Бал Текстиль» кілем тоқу фабрикасын басқарып отырған Талғат Ысқақов туған жеріне бұдан да өзге бірқатар нысандарды салып жатыр. Ал, абыройлы іс атқарған азаматқа ел ықыласы жоғары. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданында ауыл азаматтары есебінен салынған білім ұялары жетерлік. Бұл үрдіс дәстүрге айналған. Ал, оның алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенім мол.
МҰХТАР Атабек