Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңына 20 жыл толуына және 22 қыркүйек – Қазақстан Халықтарының тілдері күні мерекесіне орай «Абай» Мәдениет сарайында фестиваль өтті. ОҚО Шардара аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту» орталығының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара «Мемлекеттік тіл – мәңгілік елдің мәңгілік тілі» тақырыбымен өрбіді. Фестивальда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Шермұхаммед Қаппаров құттықтау сөз сөйлеп, мереке аясында ауданда атқарылып жатқан істерден көпшілікті құлағдар етті. Құттықтау сөзден кейін тілдерді қолдану мен дамытуға қосқан үлестері үшін аудандағы бір топ мекеме қызметкерлерін марапаттау рәсімі болды. Атап айтар болсақ, М.Горький атындағы жалпы орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Ғалия Мұсабекова, «Арайлым» балабақшасының меңгерушісі Бибігүл Мүтәлиева, №3 мамандандырылған мектеп-интернаттың қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ажар Сламова, «Абай» Мәдениет сарайының диреткоры Ұлжан Қойлиева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айнұр Төреханова сынды азаматтар аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың «Алғыс хаттарымен» және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Оындай мазмұндағы марапаттар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атынан да жасалды. Бұл марапатқа аудандық аурухананың дәрігер-статисті Гүлзира Сағындықова, аудандық футбол мектебінің қызметкері Жиенбек Тәліпов, Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің қызметкері Анна Морева, «Арайлым» балабақшасының тәрбиеленушісі Раяна Ерғали, «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі Анастасия Елизарева, М.Горький атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Алена Цыпало, №16 колледждің студенттері Нофиса Бозорова мен София Ахмадиева және басқа да азаматтар ие болысты.
Фестивальда Ербол Таңжарұлы, Анна Морева, Раяна Ерғали, Алена Цыпало, Бақберген Омаровтар патриоттық тақырыпта әндер шырқады. Ал, М.Горький атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары «Попури» биін билеп, сахналанған көріністер қойса, №16 колледждің бишілер тобы флешмоб ұйымдастырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі