Биыл елімізде «Тілдер туралы» заңның қабылданғанына 20 жыл. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысындағы этномәдени бірлестіктер тіл мерекесін атап өткен болатын. Қазақстан халқының тілдері күніне арналған салтанатты жиында ұлттық бірегейлікті сақтау, үш тілде білім беру мен ұлттық код жайы назарға алынды. Бұл күні бір шаңырақ астына біріккен өзге ұлт пен ұлыс өкілдері қазақ тілінің мәртебесін асқақтатты. Себебі өңірдегі этнос өкілдерінің 70 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген. Этномәдени бірлестіктер жанынан ашылған жексенбілік мектептер ана тілімізбен қатар орыс, ағылшын тілдерін де тегін оқытып келеді. Іс-шарада қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы хореографиялық композициясы көпшілікті таңдандырды. Мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды облыс әкімі Жансейіт Түймебав марапаттады. Нұрила Жұманова, қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры: — Осы 20 жыл ішінде 20 мыңнан астам тіл үйренуші қазақ, орыс, ағылшын тілдерін ақысыз оқып үйренген. Соның 81 пайызы қазақ тілін оқып үйренсе, 12 пайызы ағылшын, 8 пайызы орыс тілдерін оқып үйренген. Тіл үйренем деген азаматтарға қазіргі таңда мемлекет, әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалған.
24.кз