Ақын өзiнше, композитор өзiнше ғұмыр кешiп жатқан заман. Мiне, осы олқылықтың орнын толтыруға бiлек түре кiрiскен белгiлi әншi-композитор Роза Әлқожа жаңа жобаны қолға алып отыр. «Ақын мен әншi» деп аталатын жобада сахна саңлақтары әншiлермен қатар сол ән мәтiнiнiң авторы – ақын да насихатталатын болады.
Алғаш рет Қарағанды қаласынан басталған жаңа жобаны тамашалаушы көрерменнiң пiкiрi жоғары. «Әншiнi ғана емес, ол салған әннiң авторын да танып-бiлдiк. Әннiң шығу тарихына қанықтық» деп алғысын жеткiзiп жатқандар әлi де көп екен.
«Сөз бен саз екеуi егiз ұғым. Бiрiнсiз бiрi әйгiлi бола алмайды. Екi бөлек болса да бiрiн бiрi толықтырып тұратын ән дейтiн дүниенi сахнаға әншi алып шығуымен танымал болады. Орындаушыны қызыл кiлеммен жүргiзiп, насихатын жасағанымызбен, ақын мен композитор жетiмсiреп, жұрт назарынан тыс қалатыны көптен берi менi толғандырып жүргенi рас. Осы олқылықты қалай жоямыз деп көп ойлана келе бүгiнгi жобаны қолға алуды жөн санадым. Әр өңiрде талантты азаматтар көп. Олардың шығармалары Алматы, Астана төрiнде шырқалғанымен, өздерi ауылда қалып қоюда. Есiмдерiн ел бiлмеуi де мүмкiн. «Ақын мен әншi» жобасы – әйгiлi әндерге мәтiн жазған ақындарды елмен қауыштыру, көрерменге таныстыру. Әр облысқа барғанда сол өңiрдiң ақыны мен композиторының шығармасын әйгiлi әншiлер орындайтын болады. Осылай ету арқылы бiз болашақта жас ақындардың да шығармашылығын насихаттауға ықпал ететiн боламыз, – дейдi Роза Әлқожа.
Қарағанды қаласынан басталған жоба бұйыртса, 20 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында жалғаспақшы. Оған осы өңiрден шыққан ақындар Қасымхан Бегманов, Исрайл Сапарбай, Ханбибi Есенқарақызы, Бақытжан Алдияр, Бекарыс Шойбеков сынды қаламгерлер қатысып, солардың қаламынан туған өлеңдерге жазылған әндер шырқалмақ.
Сахна төрiнен елiмiзге танымал әншiлер Оңтүстiк Қазақстан облысынан шыққан ақын-композиторлардың шығармаларын шырқайтын болады.
Шымкент сахнасын әнге бөлейтiн жоба Алматы және Астана қалаларында жалғасын табады.
Олай болса, әншiмен ғана дидарласпай, ән авторларымен де кездесiп, сұхбаттасатын жаңа жобаны тамашалауға жиналайық, көрермен! Сазды әуен ырғағында тербелiп, сауатты ән тыңдап, өзiңiз сүйiп тыңдайтын әншiлермен қауышатын күн туып тұр.
Дилара БИМЕНОВА