Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында жаңа кітапхана ашылды. Бұл – қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің 2-ші бөлімшесі. Оқырмандарға жан азығын сыйлар мекеме 112 орамдағы Сырдария көшесінде орналасқан. Қала күні мерекесіне орай есігін айқара ашқан кітап ордасы бүгінгі күннің барлық талаптарына жауап береді. №2 кітапхана бөлімшесі 1977-жылдан бастап жұмыс істейді. Жергілікті оқырмандарға 40 жыл қызмет көрсетіп, әбден тозығы жеткен болатын. Енді міне, рухани орда жаңаша кейіпке еніп, заманауи түрленді. Нысанның еңсе тіктеуіне мердігер компания 44 млн. теңге жұмсапты. Кітапхана қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Компьютерлік техникасы талапқа сай. Ғаламтор желісіне қосылған. Орталық «РАБИС» электронды бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Қазірдің өзінде кітапхананың жалпы кітап қоры — 33 мыңнан асып жығылады. Қаланың түкпірінде орналасқан 112 -орам тұрғындары үшін бұл кітапхананың ашылуы зор қуаныш. Әсемай Досбол кітапхананың алғашқы оқырмандарының бірі. Үй іргесіндегі жаңа нысан оқушы қыздың оқып-білуге, ізденуге ынтасын арттырды. Қызықты деген кітаптар мен газет-журналдардың барлығын осы жерден тапқан Әсемай сынды кітапхананың екі мыңға жуық оқырманы бар. Мәдениет ошағының бір парасы осылайша жасөскіндердің дүниетанымын кеңейтуге үлес қоспақ. «Адамның опасыздық жасамайтын жалғыз досы бар. Ол – кітап». Ғимараттың салтанатты ашылу сәтінде сөз алған белгілі жазушы Мархаббат Байғұт осылай деді. Алайда, бүгінгідей ақпарат айдыны дамыған дәуірде жастар ғаламтор желісі мен интернет иірімдеріне көбірек иек артып жүр. Бұл әрине, кері ұғым. Теріс түсінік. Заманауи жастар екеуін де қатар алып жүруі қажет. «Таразы басын тең ұстағанда ғана рухани әлемімізді байыта аламыз», — дейді зиялы қауым.
ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы