Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында «Туған жер алтын бесігім» фестивалі аясында Сарыағаш ауданының мәдени күндері өтті. Айтулы шарада ауданның мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрі барынша дәріптелді. Өнер иелері әннен шашу шашып, ақын-жазушылардың шығармашылығы кеңінен таныстырылды. Бұл күні «Келес» халық театрының өнер иелері облыстық әзіл-ысқақ және сатира театрында көрерменнің көңілін бір серпілтті. Өнерпаздар, жазушы, Алаш сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың «Бозторғайдың ұясы» атты драммасын сахналады. Көпке тарихтың ащы шындығын жеткізген сарыағаштық әртістер, көрерменді ерекше сезімге бөледі. Мархабат Байғұт – Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, жазушы «Менің біртаң қалғаным бұлар Ж. Шанин атындағы театрдың бас режиссері қысқартып тастаған жерін алды. Енді Серікжанның бейнесі, ақын Рахманның бейнесі, Рахманның әкесінің қайғырған жері шынайы, шынайылық бар, режиссура бар». Жанкелді Мырзалиев – «Келес» халық театрының қоюшы- режиссері «Ол өте ауыр сахна. Халықтың өзі әділ төрелігін береді. Өзім айтар болсам, актерларымыз 85-90 пайызға жақсы ойнады деп айта аламын. Неге десеңіздер дайындықтың өзінде актерлар образға сенгені соншалықты жылап өздеріне келе алмай қалған кездер болды. Ауыр сахна». Күн ұзаққа мәдениеті мен тынымсыз тірлігін насихаттаған сарыағаштықтар кешкісін Шымшаһар тұрғындарына концерттік бағдарламаларын ұсынды. Наурыз алаңында өткен гала –концерт көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
НҰРСҰЛТАН Мұхамеджанұлы