Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінде киноиндустрияның, анимациялық фильмдердің орталығына айналып келеді десек артық айтқандық болмас. Соңғы әлетте күнгейде түсірілген керемет кинолар көрермен көңілінен шығып жүр. Әрі нағыз хас шеберлердің қолынан шыққан сүбелі туындылар кино майталмандарының талғам таразысына сай келуде. Соның бір дәлеліндей жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында түсірілген «Томпақ» фильмі үздік телехикая атанды. Бүгін Астана қаласындағы Бейбітшілік жəне Келісім сарайында өткен «Балапан» телеарнасының 7 жылдығына арналған «Самға, Балапан» телевизиялық жүлдесімен марапаттау рəсімінде «ЕҢ ҮЗДІК» телехикая аталымына «ТОМПАҚ» телехикаясы ие болды.
«Балапан» телеарнасының тапсырысы бойынша «САҚ» киностудиясы жəне «Оңтүстікфильм» ұжымы түсірген фильмнің сценарий авторы əрі режиссері Батырхан Дəуренбеков арнайы Астана қаласына барып, марапаттау рəсіміне қатысты. Жүлдеге ие болған жерлестерін оңтүстікқазақстандықтар əуежайдан гүл шоқтарымен күтіп алды.Ұлттық рәуіште түсірілген көптеген туындылардың авторы, ұлтжанды азамат Батырхан Дәуренбековтың алда әлі де қазақы туындыларды көптеп жарыққа шығаратынына сенім мол.
saq.kz