«Ісмер әйел, қыз-келіншектер дегенде көз алдыңызға ою ойып, құрақ құрап, тігін тігіп немесе бабын келтіре ас әзірлеп, істің оябын табатын пысық жандарды елестетуіңіз мүмкін. Ал, кәсіпкер ретінде өз жұмысының жауапкершілігін сезініп, халыққа мінсіз қызмет ету дегенді қалай түсінер едіңіз. Бітім-болмысынан іске жауаптылығы басым, тазалыққа ұқыптылыққа, жинақылыққа жаны құмар, ең бастысы-адалдыққа баса мән беретін, айналысатын кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген, сол кәсібімен ісі алға басып, шаруасы дөңгелеп, көсегесі көгеріп отырған іскер қыз-келіншектер ауданымызда аз емес. Солардың бірі-Нұрайша Қайдауқызы Бейсеқұлова.
Ол бұрындары бізбен әріптес болып, газет бетін әрлеуші яғни дизайнер болып жұмыс істеген. Сонда Нұрайшаның фантазиясының ұшқырлығына, әдемілікті сүйетін талғамына тәнті болушы едім. Мақала тақырыбын әдемі әріптермен өрнектеп, суретті де ашық та айқын бедерде ойып беріп жазған дүниеңді жайнатып жіберетін. Қыздың қолынан шыққан зерлі кестедей қарабайыр жазылған мақаланың өзін түрлендіріп, құлпыртып жіберетін.
Ал,енді сол Нұрайшаның газет жұмысынан ауысып, кәсіпкерлікке шыңдап ден қойғанына да 10 жылдай уақыт болыпты. Ал мерзім емес әрине. ОҚО созақтық кәсіпкер Нұрайшаның айналысатын кәсібі яғни тұрақты жұмысы-мектеп оқушыларын қажетті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету. Әдетте: «майда-шүйде» саналатын, бірақ балаға аса қажетті қандай затты іздесең де Нұрайшаның дүкенінен табасың. Бағасы да көңілге қонымды. Көпшілік тұрғындарға қызмет көрсету мәдениеті де жоғары. Бұл жағынан, Нұрайшаның қызметіне «мін» таға алмайсың.
Мен білетін Нұрайшаның бойындағы ақылдылық ,әділдік, турашылдық, қанағатшылдық, намысқойлық секілді асыл қасиеттер өскен ортасынан, ата-анасының берген тағылымды тәрбиесінен дарыған деп ойлаймын. Өз пікірін ашық айта білетін, өмірінің рухани арқауын адамгершілік секілді құндылыққа бағыттаған Нұрайша Қайдауқызының қайырымдылық істерін де айтпай кете алмаймыз. Яғни ол, осы кәсіпті қолға алған он шақты жылдан бері үзбей, әлеуметтік жағдайы төмен, балаларын мектеп құрал-жабдықтарымен тегін қамтамасыз етіп келеді. Әйтсе де өзінің осындай қайырымды істерін дабыралап, мақтап көрсетуді қаламайтын, әдептен озбайтын, қарапайым-мінезді Нұрайшаның кісілік келбетіне сүйсіне отырып:-Жан тазалығынан айнымай, ізгілік нұрымен сусындай бер. Адамға жасаған жақсылықтек қана жақсылық болып қайтады демекпін.
Қалдыгүл Мұратова.
Связанные истории
13.09.2024
257386