Cаз балшық. Саз балшық жөнінде білмейтін жан кемде-кем шығар. Тарихқа көз жүгіртсек, көне Отырар қаласының жанында шеберлер ауылы болған. Сол жерде археологтар қазба жұмыстарын жүргізген кезінде құмырашылардың ошақтары, қол шарықтары және көптеген басқа да құрал-саймандары табылған. Қазақ даласындағы саз бұйымдары мен керамикалық заттардың басым бөлігі осы жерде жасалған. Бүгінгінің өлшемімен айтсақ, шағын бір зауыт болған.
Осындай киелі топырақта дүниеге келген, тарихта қалған саз өнерінің ізін жалғастырушы бүгінде ел арасында ОҚО «Отырардың құмырашысы» деген атқа ие болған Жанұзақ Ерімбетов.
Өнері өркенді, әңгімесі өрелі жігіт бейнелеу өнерінің көркемсурет, графика жанрларымен айналысқан. Кейін өз қаражатына саз балшық станогын сатып алып, жүрек қалауымен сазды илеп түрлі заттар істеуге кіріседі. Аудандық, облыстық, республикалық көлемдегі қолөнершілер сайыстарына сонау Ә.Қастеев атындағы көркем сурет колледжінде оқып жүргеннен бастап қатысып, түрлі жүлделерге ие болып, саз өнеріне түбегейлі бет бұрды. Бүгінде мұражай қызметкері болып жұмыс істейтін шебердің қолынан шыққан саз балшықтан құйылған құмыра мен картина-паннолары ауданымызға келіп жүрген туристер арасында үлкен сұранысқа ие.
«Этноауылға келген шетелдіктер саздан жасалған бұйымдарға қатты қызығады. Кішігірім құмыраларға тапсырыс беріп, 10 минөт күтеді.Сол аралықта құмыра да дайын болады. Құмыра жасау-қазақтың төл өнері»,- дейді шебер.
Иә, тарихтан сыр шертетін «Қобыз жыры», «Жібек жолы», «Көне шаһар», тағы басқа да шебердің картина-паннолары мен гипстен жасалған сый-кәделері ел арасында сұранысқа ие болып, нарықтық сатылымда. Бағасы да қол жетімді.
«Саздан бұйымдар жасау үшін Арыс өзенінің жағасынан, Ленгірдегі тау етектерінен сазға жарамды топырақ әкеліп, арнайы технологиямен дайындаймын. Бұл топырақтар өте берік, төзімді әрі ұзаққа шыдайды. Осы жағдайды ескере отырып, саз өнерін жас жеткіншектерге үйреткім келеді. Саз арқылы олар ұлттық дәстүрімізді, тарихымызды бойына сіңіріп өссе деймін, — деп Жанұзақ құмырашы болашақ жоспарларымен бөлісті. Расында да баланың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілік қасиетін қалыптастыруда жергілікті табиғи өнімнің пайдасы орасан зор екені анық. Ал, адам организміне көптеген қажеттілерді алақан арқылы алатыны белгілі. Яғни, алақанымен саз балшықты илеу арқылы сүйегінің қатаюына қажетті кальцийді бойына алады және бала еңбек етуді үйренеді.
Шебердің жасаған бұйымдарын көріп тамашалап жүргенімізде аулада жем жеп жүрген ерекше тауықтарға көзіміз түсіп, қызығып «бұл қандай тауық?» -деп сұрадық. Бұл брама тұқымдас тауығы,-деп күлді шебер. Міне, қызық. «Жігітке жеті өнер де аз»- деген осы болар.
Асылзат Қалдыбайқызы