Ғажайыпқа толы Оңтүстік Қазақстан облысында орта ғасырдағы ең ірі, даңқы шыққан қалалардың бірі – көне Сайрам немесе Исфиджаб. Исфиджаб көптеген тарихи, географиялық еңбектерде ұшырасып отырады. Исфиджаб жөнінде толығырақ мәліметті әл-Мақдиси берген: «Исфиджаб – үлкен, ірі қала. Оның рабаты және мединасы бар. Мединасында дүкендер, мата базары және мешіт. Мединада төрт дарбаза бар: Нуджакет қақпасы, Фархана қақпасы, Шакрана қақпасы, Бұхара қақпасы. Бұл қала – шекарадағы үлкен бекініс, дін үшін соғысатын жер».
Араб географтарының мәліметіне қарағанда, Исфиджабта 1700 рабат (қалаға өте жақын, қала шекарасындағы елдімекендер) болған екен. ХІІІ ғасырдағы Исфиджабты аралау үшін бір күн керек екенін бір парсы саяхатшысы баса атап көрсетеді.
Исфиджабтың көркеюіне оның ірі сауда жолдарының торабында тұруы себеп болды.
Бұл қаланың тарихына мамандардың айтуынша, төрт мың жылдан асқан көрінеді. Орталық Азияны мекендеген тайпалар үшін қаланың ықпалы зор болды. Исфиджаб VІІІ – ХІІ ғасырларда айрықша гүлдену дәуірін бастан кешті. Сайрамнан шыққан тарихи тұлғалардың саны 100-ден астам. Бізге олардың жартысына жуығы ғана белгілі. Ғұлама кісілер көп шыққан. Солардың ішіндегі аса көрнекті, жарық жұлдызы – Қожа Ахмет Ясауи. Сайрам – ұлы ғұламаның кіндік қаны тамған жер. Қаланың орны тарихи қорық ретінде сақталған.
Төлеген АХМЕТОВ
Связанные истории
13.09.2024
257221