Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласы бүгінде туристер ең көп келетін орталық десек артық айтқандық емес. Мұнда туристердің ықыласын аударатын нысандар жетерлік. Солардың бірі — 2010 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласында ашылған тарихи-мәдени-этнографиялық орталық . 4,6 мың шаршы метр көлемді алып тұрған үш қабатты ғимаратта 8 экспозициялық зал, мәжіліс залы, қолөнершілер шеберханасы, тарихшылардың зерттеу жұмыстарына арналған бөлмелер орналасқан. Орталықтың негізгі міндеті – Түркістан тарихын зерттеу және Қазақстан тарихындағы орнын айқындау. Ғимарат жобасын дайындау барысында мұражай мен көрме өткізу жұмыстарының озық тәжірибелері басшылыққа алынған екен.
Ал Түркістандағы «Қолөнер орталығы» 2013 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ашылған. Үш бөліктен тұратын орталықтың бірінші қабатында қолөнер шеберханалары, көрме және сауда залдары орналасқан. Екінші қабатында оқу сыныптары орналасқан. Онда шәкірттердің тәлім алуына толық жағдай жасалған. Қолөнер шеберлері бір жерге шоғырланып, көпшіліктің көзінше өз туындыларын жасап, саудаға шығару үшін толық мүмкіндікке ие болуда.
Осы қаладағы «Зияратшылар орталығының» ғимараты Қ.А.Ясауи кесенесінің қарсы бетіне жақын, жаяу жүргіншілерге ыңғайлы жерде орналасқан. Бұл орталықта жататын 200 орын қарастырылған. Мәжіліс және кино залы, кітапхана, ерлер мен әйелдерге арналған намаз оқу бөлмелері, медпункт, асхана, мал сою орны мен автотұрақ, ішкі демалыс алаңы қарастырылыпты.
Төлеген АХМЕТОВ.
Связанные истории
13.09.2024
257221