Оңтүстік Қазақстанда діни сауаттылықты арттыру мақсатында биыл 32 мың кітап тегін таратылатын болады. Бұл туралы бүгін «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің директоры Нұржан Тұрсынбай хабарлады. Оның айтуынша осы негізде «Мемлекет. Қоғам. Дін», «Дін және дәстүр» телебағдарламалар мен «Жасөспірімдерді жат діни ағымдардан сақтандыру» тақырыбында он минуттық анимациялық фильм дайындалып жатыр. Бұдан өзге теріс бағыттағы діни үгіт-насихаттың алдын алу мақсатында 15 бейнеролик пен 5 фильм әзірленуде екен.
‒ Орталықтың басты мақсаты – қоғамдағы саяси ахуал бойынша халық арасында мемлекеттік идеологияны түсіндіру, талдау жүргізу, діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ету. Бүгінде біздің орталықта 28 қызметкер жұмыс атқарса оның 17-сі дінтанушы-теологтар, — деді Н.Тұрсынбай.
Брифингте мекеме директоры биылғы жылдың екінші жартыжылдығында діни экстремизм және терроризмді алдын алу мақсатында 4 тақырыпта әлеуметтік зерттеу жүргізілетін, сондай-ақ, білім ордалары мен аудандар мен қалаларда және түзету мекемелерінде кездесулер ұйымдастырлатынын жеткізді. Сонымен қатар орталық «Құранды біз білеміз бе?», «Елімізде тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдар», «Ислам мәдениеті мен салт-дәстүрдің сабақтастығы», «Менің таңдауым – Ханафи мәзһабы» сынды әдістемелік құралдар мен кітаптар шығарып таратанынын мәлімдеді. Алдағы уақытта орталықтың атқарар шаралары ауқымды біз тұрғындарды әлеуметтік-рухани демеу бағытында жұмыс жасаймыз деді Н.Тұрсынбай.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі