
фотоМЖАМБҚ
«Астана Балет» театры ХІІІ театр маусымының шымылдығын «Бейбарыс сұлтан» балетімен ашты. Бұл қойылымның театр репертуарында алар орны ерекше. Тарихи маңызы зор қойылымды көрермен ыстық ықыласпен тамашалады.
Бұл тарихи-драмалық қойылым көрермен қауымды сонау Мысыр шаһарына жетелеп әкетеді. Мұнда қолбасшы мен билеушінің тағдыры, болмысы тек ауқымды оқиғалар арқылы ғана емес, сонымен бірге адам баласына тән нәзік сезім иірімдері арқылы да ашылады. Шебер хореография, әсем музыка мен талғампаз сценография, осы үш таған – жауынгер, мемлекетшіл тұлға әрі байтақ даланың оғланы Бейбарыстың бейнесін толық көрсетіп, ерекше атмосфера тудырады.
Балетті көрнекті өнер шеберлері сахналады. Спектакльдің музыкалық партитурадан бастап пластикалық шешімге дейінгі барлық сатысы өте мұқият ойластырылып, көрермен қауымға сол кезеңді толық сезінуге мүмкіндік берді.
Маусымның ашылуы көпшілік көңілінен шықты. Қойылымның әр сахнасы көрерменге ерекше әсер сыйлап, спектакль соңында әртістерге құшақ-құшақ гүлдер тарту етілді.