фото ТӨКҚ
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында белгілі айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің және «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері, Түркістан қаласы мен Отырар ауданының құрметті азаматы Бекарыс Шойбековтің 50 жас мерейтойына арналған «Айтыстың алтын айдары Бекарысы» атты «Наурыз» республикалық ақындар айтысы жоғары деңгейде өтті.
Дәстүрлі өнерді дәріптеген айтулы шарада облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан Бекарыс Шойбековке ерекше құрмет көрсетіліп, автокөлік кілті табысталды.
Аламан айтысқа елімізге танымал сөз шеберлері – Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Анар Жаппарқұлова, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзенбаев Мейірбек Сұлтанхан сынды барлығы 14 айтыскер ақын қатысып, өзара бақ сынасты.
Сахна төрінде өткен тартысты додада ақындар суырыпсалмалық өнердің үздік үлгісін көрсетіп, ел бірлігі, ұлттық құндылықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерді кеңінен жырлап, көрерменге ерекше рухани серпіліс сыйлады.
Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені Астана қаласынан келген Иранғайып Күзенбаев иеленді. Ал ІІ орын Түркістандық Даурен Ақсақалов пен Батыс Қазақстан облысынан Жансая Мусинаға бұйырды. ІІІ орынды Қызылорда облысынан Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан еншіледі.
Айта кетейік, республикалық айтыс Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «Amanat» партиясының қолдауымен өтті.
