ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Шымкент қалалық Опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы тағы да топ жарды.
Бұл жолы Мәскеу үлкен театрында өткен «Браво» халықаралық байқауында кәсіби музыка номинациясы бойынша «Үздік опера әншісі» жүлдесін жеңіп алды.
Биыл қаңтар айында Майра Мұхамедқызы Шымкент қалалық Опера және балет театрының басшысы қызметіне тағайындалған болатын. «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан» сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі.
Ол 1969 жылы 9 мамырда ҚХР-да дүниеге келген. Бейжің Ұлттар Университетінің Музыка Факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Пекин Консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірген. Репертуарындағы көптеген шығармалар Қазақстан сахнасында бұрын-соңды орындалмаған. Опералық және концерттік репертуарын асқан талғампаздықпен таңдап, үлкен еңбекқорлық пен ізденістің үлгісін көрсетіп келеді.
Айта кетейік, Майра Мұхамедқызы жетекшілік ететін театр ұжымы наурыз айында Шымкентте тұңғыш рет «Домалақ Ана» операсын сахналаған болатын.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы