Өзбекстан қалаларының қайсысын алып қарасаңыз да айырықша бір үйлесім, үндестік бар сынды. Ол ең алдымен тарихи мұраға байлығы. Екіншіден жасыл желекке көмкерілген көрікті жерлерінің көптігі. Тіпті қалалар арасында пойызбен қатынағанда да шалғай шеттегі ауылдарының атырабына дейін жасыл желекке малынып тұр. Шілде айының ортасынан ауса да, сарғайған шөп көрмейсің. Үй аулалары жеміс ағаштарынан көрінбейді, ал шаруашылықтары тамшылатып суғаруды тиімді пайдаланып, табиғатын тамаша етіп, әрі мол табыс тауып отыр. Өзбек ағайындардың еңбексүйгіштігін осыдан -ақ байқауға болатын сынды.
Түркітілдес журналистер қорының Өзбекстан Туризм және спорт министрлігімен біріге отырып ұйымдастырған пресс-турымыздың бесінші күні Бұхараға жол тарттық. Қалаға кіргеннен-ақ тарихқа бай екенін көк тіреген мұнараларынан байқауға болады. Шырайлы Шымқаламыздың ыстығы Бұхараның аптабының қасында түк еместей көрінді. Ми қайнатар ыстықта жүру оңай емес екен.
Әлемнің ең ежелгі қалаларының бірі саналатын шаһар бүгінде халықаралық туризм орталығына айналған. 400 – ден астам археологиялық ескерткіштер бар. Қаланы аралап шығуға 10 күн аздық етеді дейді жолбастаушымыз. Көне қалаға деген қызығушылық мол екенін шетелдік туристердің көптігінен де байқауға болатындай.
Көне шаһарға саяхатымыз ежелгі ескерткіштердің бірі АРК кешенінен басталды. Тәжікшеден аударғанда қамал деген мағынаны білдіреді екен. Сол кезеңдегі әмірдің қысқы резиденциясы болған АРК біздің дәуірімізге дейінгі III-IV ғасырда негізі қаланған. Содан кейін Шыңғыс хан дәуірінде Бұхара толықтай күйрегенде бұрынғы ғимараттар да түгелге жуық қираған. Әмір Темір заманында шамамен 4 гектардан астам жерге ғимарат соғылған екен. Талай шапқыншылықтың куәсі болған алып тас қалашықтың бүгінде тек бір-бөлігі қалған. 4 гектардың аумағының 80 пайызы өртеніп кеткен. Қалған 1 гектары яғни, 20 пайызы ғана сақталып қалған дейді жолбастаушымыз. Аумақта 3 мешіт сақталып қалған. Солардың бірі жұма мешітін 1702 жылы сұлтан Кулихан салдырған.
Қарағаштан жасалған колонналары керемет. Реставрация жасалмаған. Ағашқа ою салу оңайырақ болған соң көбіне қара ағаштар пайдаланылған екен. Биік ғимараттың алдыңғы бөлігіне қойылған 4 қара ағаш нешетүрлі ою-өрнекпен көмкерілген. Әрі бір бөлігі де бүлінбей бүгінгі күнге жетіпті.
Алып аумақ бүгінде музейге айналдырылған. Қару – жарақтың нешеме түрі бар. Сандық, теріден жасалған бұйымдар, билеушінің тағы, алып самаурын, тайқазан, ыдыс аяқтың сан алуан түрі самсап тұр. Сол заманнан сыр шертіп…
Одан бөлек, билеушілердің алтынмен апталған салмағы 20 келіге дейін жететін киімдері, алып Құран кітабы және сіріңкенің көлеміндей кішкене түрі де сол күйі сақталыпты. АРК-тің алдында үлкен Құм алаңы болған, мұнда діни мерекелік шаралар өткен. Сарай күзетшілері тұрған арнайы орын да бар. Патаолон 1890 жылы төбесі қарағаштан ауыстырылған.
Шетелдіктерден бөлек мұнда ауыл-аймақтардан келген саяхатшылар да көп. Өз елдерінің тарихына деген құрметі, көріп білуге деген құштарлықтары басым екені байқалады.
Бір қызығы, мұнда музейлерге кіру билеті екі түрлі бағамен сатылады екен. Әдетте шетелдіктер ел азаматтарына қарағанда екі есе көп төлейді. Мұндай тәжірибе өзге еш елде жоқ.
Гүлжан Көшерова