Мен онымен ойда-жоқта таныстым. Автобуста. Қарама қарсы қойылған орындыққа келіп отырған оның жанарымен жанарым түйіскенде қаттым да қалдым. Мөп-мөлдір, тұп- тұнық жанар тұңғиығына тартып бара жатты. Бір-бірімізден көз ала алмай, ынтыға, үздіге қарау… бірінші рет көрген адам үшін әбестік, әрине. Алайда…Иін тірескен автобус толы адам да біздің көзбен түсінісуімізге куә болып тұрды. Тағдырымның тізгінін ұстайтын жан осы жанардың иесі екенін ішкі бір түйсігіммен түйсінгендей болдым…
Алғашында бәрі де сәтті басталды. Бақытты едік. Жұмысымыз бар, үйіміз бар. Одан басқа не керек. Ең бастысы біз бір-бірімізге бір көргеннен-ақ ғашық болып, үнсіз ұғысқан едік. Бізде жылы жүрек бар, шынайы тілек бар, терең сезім бар. Оның не айтпағын мен көзінен-ақ оқып қоямын. «Жанымның жартысы…» деп еркелетуінің астарында да бір сыр бар-тын. Өзіңмен өзегін жарып ой бөлісетін, рухани күш беретін адамды жаңылмай тапқанның өзі де бақыт қой.
Бақытты едік. Расында. Алғашында… Ия. Бас құрағанымызға екі жыл толғанда ойлана бастадым. Балаға арналған бұрышымыз бос тұр. Бармаған бақсым, емделмеген емшім қалмады. Үмітім үзілген жоқ. Екі жыл деген аз уақыт қой. Мүмкін боп қалар деген дәмем зор-тын. Үш жыл өтті. Төрт жыл… Күйеуімнің күрсінісі көбейді. Айтпаса да білем. Оның әрбір күрсінісі өзегімді өртеп жібергендей болады. Амалым жоқ. Жаратқанға жалбарынғаннан басқа қолымнан не келсін. Көктем көңілімді күрең күз басқандай. Күндерім күрсініспен өтіп жатты.
Ағайын арасында күбір сыбыр көбейді. Берген асымды мақтап, төрімде төбедей болып отыратын абысыным жеңгетайлық жасап жүрегімнің жартысын өзге бір орамалдымен таныстырыпты. Қатты жаны ашыса керек. Күйеуім киімдерін жинай бастағаннан-ақ сезгенмін. Үндемедім. Босағада тұрып артына ұзақ қарайлады. Мені өзіне ынтық еткен жанарын мың батпан салмағы бар мұң кіреукелепті. Бұл жолы қадалып қарай алмадым. Есік тарс етіп жабылғанда жүрегімнің шаншып шаншып кеткені… Осымен бәрі тәмәм болғаны ма, жанымның жартысы болған жанның жарты жолда қалдырғаны… Бәрінен де бұрын қабырғамды қайыстырғаны осы еді. Үміт сәулесі де сөнген.
Апта бойы төсектен тұрмай жылап жаттым. Жүрегім де, жаным да жылаулы… Ендігі серігім терезеден телміретін сұлу ай ғана. Ол бар кезде түн баласына ұйықтамай сырласатынбыз. Көзімізге түскен кез-келген нәрсені сөз ете беруші ек. Бір қызығы оның әңгімелері мені еш жалықтырмайтын. Ортақ тіл табысудың өзі де жан рахаты ма деп қалдым. Сондағы әңгіме ауанына айналатын ай шіркін де бүгінде сұрықсыз күйге түскендей. Бұрынғы сұлу кейпі жоқ. Әрине ол бар кезде көзіме түскеннің бәрі әдемі боп көрінетін. Терезе пердесінен сығалаған айға қарап, терең ойдың тұңғиығына батам. Боз аспаннан бозамық ай құлап барады. Бозаң түстес аспанның тұңғиығында қоламтадай қалтыраған жұлдыздардың қатары да сиреп алыстап бара жатқан тәрізді. Сыңарынан айырылған, жұбы жоқ жұлдыздар болар, бәлкім. Менің қазіргі күйіме бәрі бәрі де дөп кеп тұрғандай. Аспандағы айды терезеден күтіп алып, телміре қарап, шығарып салумен күндерім өтіп жатты. Жанымның жартысы секілді ол да менен ылғи алыстай береді…
Естіп қалдым, ол орамалдысы оңды шықпай шайпауылау болған ба отаса алмапты. Екінші біреуінің есігіне барып кірген екен. Онысымен де жүрекпен үнсіз ұғысып кете алмаса керек. Тағы да біреудің ошағына табынышты болуды маңдайына жазып қойып па? Қайтып келді. «Кет. Басқалармен бақыт табарсың. Менімен қубас боп өткенше…».
Айтарымды айтсам да жүрегім мың жапырақ боп тілім-тілім боп кеткендей күй кештім. Ынтызар көңіліммен оның кеткенін қайтып қалайын. Басымды көтеріп көзіне қарадым. Тағы да сол жанар. «Саған ешкім жетпейді екен…» деді. Өзі де мен секілді жүдеп кетіпті. Менің алдымда кінәлі екенін білсем де кешірдім. Өйтпеске амалым да жоқ-тын. Өйткені екеуміз бір адам секілдіміз. Бір-бірімізсіз тұра алмайтын едік. Баяғыдай күндер басталды. Ыстық қауышу, ынтызар көңіл…
Бірақ… Бесіксіз өткен бес жыл. Ол да өзінше бір өмір. Қуанышы кем, қайғысы көп… Аяғым ауырлағанын алғашында сезбедім. Басым айналып жүрегім лоблығанға біртүрлі ауруға ұшырадым да ба деп қорыққаным. Жанымның жартысы ауырдым дегенге шыдап тұра ала ма. Таныс дәрігерін шақыртқаны. «Жеңіл-желпі бірдеңе болар, ұят болды-ау» деп келген дәрігерден ұялдым. Ары қарап, бері қарап, айтарлықтай қауіпті байқамаған дәрігер ертеңіне гинекологқа көрін деп кеңес берді.
Жүкті екенімді алғаш естігенде жылай бердім, жылай бердім… Қаншама жыл жүрегімде беріш боп қатқан қайғы мұң көз жасыммен қоса ағылып жатты… Дәрігер қосыла жылады. Ал кешке … күйеуім жылады. Салмағы ауыр сынақтан, өмірдің өтпелі кезеңінен өте білу үшін де күш қайрат керек білем. Күлкісіз күндерімнің, ұйқысыз түндерімнің өтеуіндей болған сәбиіміз Гүлден гүлдей жайнап өсіп келеді…
Мерейлі Ақтан