Күзгі бақты күрсініс кезіп кеткендей. Сарғыш жапырақ біткен де мұның жабырқаулы жанын жүдете түсейін дегендей самалмен арлы-берлі ұшып жүр. Жалқы мұңнан жабығып та кетті, жан-жағына қарауға да құлқы жоқ. Мұнар мұң… Ия мұнарланған мұңның мың сан соқпағына түсіп сансырағанына да неше жыл. Кенет дәл құлағының түбінен сыңғырлай күлген сәби үні ойын үзіп жіберді. Ұйқыдан шошып оянғандай селк ете қалғаны. Өзге әлемнен мына өмірге қазір ғана оралғандай өз әрекетіне ұялып кетті. Саябақтағы ескі сәкіден құлап түсердей селт етіп сәбиге бұрылды. 3-4 жастағы сәби мұның ештеңені аңғармай, аңдамай отырғанын қызық көріп жүр ме, әлде тура осының алдына домалап келген добын алудың айласын ойлап тұр ма, түсініксіз. Әйтеуір риясыз көңілмен күлімсіреп тұр. Допты асқан жылдамдықпен іліп алып қолына ұстатты. Кенет қарсы алдында тура әлгінің көшірмесі іспеттес тағы бір бүлдіршін пайда болды. «Өңім бе, түсім бе?» деп таң-тамаша болсын. Қатар тұра қалғанда бір-бірінен айнығысыз қос егіздің анасын көргенде ғана түсі емес екеніне көзі жеткен. «Қияли боп кеткем жоқ па өзі?» деген қорқыныш ұялғаны. Аң-таң болып аңырып отырған бұған көңіл аудармаған анасы қос бүлдіршінді қолынан жетектеп ұзай берді… Ия, менің Әлиім мен Мәдиім секілді бір-бірінен айнымайды екен-ау. Терең ойдың жылымына тағы да батып бара жатқанын байқамай да қалды… Жаңадан жоғарғы оқу орнына түсіп желпілдеп жүрген шағы. Есіл дерті оқу. Арманына қолы жеткен соң, тынбай оқуға кіріскен. Құрбылары сабақтан соң саябақ жағалап, жігіттермен жүрсе оларда мұның жұмысы жоқ. Шаң қапқан кітапханаларда отырды. Сөз айтқан жігіттер көп болғанымен, жүрегіне шоқ салған бірі жоқ. Ешқайсысына көңіл бөлмеді, оған уақыты да жоқ-тын. Сабақтан шыққан соң тіке кітапханаға тартады. Одан шығып бөлмесіне келіп кітап құшақтап құлай кетеді. Сөйтіп жүріп 2—ші курсқа көшкенін де аңдамапты. Күздің тамылжыған жып-жылы күндерінің бірі еді. Таңертең автобусқа үлгерейін деп аялдамаға қарай жылдам басып келе жатқан. Баратын бағытындағы автобус жүргелі тұр екен. Үлгере алмайтын болдым-ау деп жүгірді. Ұзын бойыл бір жігіт мінейін деп тұр екен, мұны көріп, бір қолы автобустың тұтқасында жүгіріп жеткенше тоқтатып тұрды. Екеуі бірге мінді. Әлгі жігітке рахметін айтып, барар жеріне жеткен соң түсіп қалды. Тағдырының тармағында қайта тоғысарын білмеген еді ол кезде. Бір жолы әлгі жігітпен тағы да ұшырасып қалды. Дәл сол бағыттағы автобуста. Алғашында аңғармаған екен. Кең иықты, өте сымбатты жігіт екен. Автобусқа мініп, орындыққа отырған соң өзіне біреудің тесіле қарап отырғанын сезді. Сезсе де әлгі адамға тіктеп қарауға ұялды. Жаныменен, жан жүрегімен сол жігіт екенін сезген. Сезген сәтте жүрегі сезімге шүпілдеп толғандай, кеудесін қуаныш кернеді. Ақыры ару Алматының әсем кештерінің бірінде танысқан. Осы таныстық тағдырларының тұтқасы боларын екеуі де түйсінген… Әлем түрленіп сала берді. Оқу оқу деп жүріп, қаланың әсемдігін тіптен аңғармағандай да екен. Әлде Әлиге деген махаббаты айналаның бәрін түрлендіріп жіберген бе. Ол жағына терең бойлауға мұршасы жоқ. Тек бірін-бірі көрмесе тұра алмастай махаббат буына мас хал ғана есте. Басқасына бас қатырғысы да келмейді. Өзін өбектеп, өлердей сүйетін жан болады-ау деп ойламапты да. Бақыттан басы айналған… Әли Мәскеуде оқиды екен. Әсем Алматының табиғатын тамашалап, серуендеп жүрген кештердің бірінде ол өзінің махаббат сезімін жайып салған. Рұқсат сұрап бірінші рет ернінен сүйгенде дене-денесінің бәрі босап, балқып кеткенін біледі. Басқасы есінде жоқ…. Бір-біріне деген сезімдері мұхиттың терең иіріміндей. Аспанда ұшып жүргендей, биік таудың ұшар басында қалқып жүргендей бір хәл… Ойда-жоқта өмірлерін өзге арнаға бұрған оқиға орын алды. Кітапханадан асыға келе жатқан, жатақханаға барар жолда қарсы қарап бір жігіт келе жатты. «Ой, мынау Әли ғой» деп қуанып кетті. Ал Әли болса бір қарады да өте шықты. Аузы ашылып түкке түсінбей тұрып қалыпты. Ішкі жан дүниесі өртке оранғандай болды. Бөлмеге келіп ағыл тегіл ағытылсын. Содан орнынан тұрмай кешке дейін жатты. Есік қағылғанда амал жоқ тұруына тура келген. Қолында бір шоқ гүлі бар Әли тұр. Көзі бұлаудай болып жылаған түрін көріп шошып кетті. Көз жасын көлдетуіне себеп болған оқиғаны жайып салған. Қарқылдап күлген ол
«Ақымақ басым, саған айтам деп ұмытып кетіппін ғой. Менің сыңарым бар. Ата-анам демалыс орнына кеткен еді. Солар келген соң таныстырайын деп жүргем», -деді. Содан бір апта уақыт өткенде Әли үйіне ертіп барды. Үйіндегілермен таныстыру үшін. Бәрі де қарапайым жандар екен. Мамасы аңқылдаған, ақкөңіл жан екен, бір көргеннен бауырына тартып құрақ ұшты. Әли мен Мәдидің бір-бірінен айнымайтынына таң қалған сонда. Бір- біріне ұқсамайтын егіздер де болады ғой. Мыналардыкі тіпті ерекше. Кейін Әли айтып түсіндірді. «Байқайсың ба, Мәдидің шашы менікінен жұқалау, селдір. Сосын менің оң білегімде үлкен қара мең бар. Ерекшелігіміз осы-ақ». Сөйтіп осы екі ерекшеліктері бойынша ажыратып жүрді. Тағы бір қасиеттері Әли ақкөңіл болса, Мәдидің мінезі тұйық. Кездесуге кейде Әли Мәдиді де ертіп келетін. Ондайда «Мәди, бізде қыздар көп. Қайсысын қалайсың?» деп әзілдейтін. Бірақ ол үндемегенмен жатақхана толы қыздың бірін де ұнатпады. «Өзінің мінезі шығар, сұлу болған соң өр шығар» деп қоя салған. Сөйтсе басқаша екен…Демалысы бітіп, Әли Мәскеуге оқуына кететін болды. Шығарып салуға сыңарымен бірге барған. Арадағы екі айдың қалай өткені де білінбепті-ау. Әлиді қимай- қимай әзер шығарып салды-ау. Жүрегін үзіп әкеткендей көңілі пәс түсіп қалғаны. Таксиге отырған соң Мәди: «Үйге жүр, шәй ішейік» деді. Ойында түк жоқ, мамасымен бір сырласқысы келген. Табалдырықтан аттағанда үйде ешкім жоқ екені біліп таң қалды. Мәди өтірік айтпас деген. Шәйді сораптап, біраз теледидар қарағансыды. Бір уақытта Мәди жайлап қасына келіп:
— Раушан, саған көптен айта алмай жүр едім. Мен саған ғашықпын, — деп бар сырын жайып салсын.
Жөпелдемеде аузына жөндемді сөз де түспеген. Күлейін десе күле алмайды, жылайын десе оның да ретін таппады. Еңкейіп келіп ернінен сүйгенде ғана есі кіргендей болды. Шапалақпен жағына сарт еткізді.
— Әли сенің бауырың емес пе?
— Раушан, жаным, түсінші. Сені көргелі менде маза жоқ. Мұным әбестік екенін білем. Бауырымның болашақ қалыңдығына көз салғаным адамдыққа жатпайтынын да білем. Бірақ сезімімді буып ұстауға шамам жетер емес.
— Жоқ, мен Әлидің бетіне кіреуке сала алмаймын. Келген соң бәрін де айтам…
Есікті тарс жауып шығып кетті. Әли болса алыста. Мәди болса күнде келіп миын шағады. Екі оттың ортасында қалғандай күй кешті. Сұрқай күндер өте берді. Әлидің мейрамға қарсы келетін күндерін асыға күтіп жүрген. Күткен кезде күн өте ме? Әрең дегенде сағынышты күн де келіп жетті-ау. Вокзал басында бір- біріне құшақ жая ұмтылған қос ғашық жан-жағындағыларға қарауға мұршалары да жоқ. Сағыныштан мауықтарын баса амай, құшақтарын жаза алсашы. Мәди келмегенде осылай тұра берер ме еді екеуі. Таксилетіп Әлидің үйіне жеткен. Мамасы қуаныштан асып-тасып бар дәмдісін ауыздарына тосты. Мамасының арманы егіз ұлдарын қатар үйлендіру. Екеуі бас құрауды Әлидің оқу бітіруіне қаратып жүрген. «Мәди қалыңдығымен таныстырмайды» деп мамасы назын жеткізді. Қайдан білсін?.. Кеш болған соң Әли жатақханаға жеткізіп салмақ болып орындарынан көтерілді. Кіре берісте плащын кигізбек болып тұрған Әлиге қарай берем деп Мәдиге көзі түсіп кеткені. Сондай бір қызғанышпен қарап тұр екен. Жүрегі дір етті… Көшеге шыққан соң айтайын деп жүрген сөздерін жұптап айта алсашы. Қалай жеткізуді білмеді. Аяңдап басып бөлмеге де кірген. Қасындағы құрбылары жақын маңдағы ауылдардан болатын. Ауылы алыс болған соң, оның үстіне Әлиді күтіп қайтпай қалғаны бар. Сағыныштарын баса алмай кереуетке құлай кетті. Әли өте бір нәзіктікпен аймалап жатыр, аймалап жатыр. Сезім сиқыры иіріміне бартып бара жатты, қолын қаға алмады… Үйленулеріне де алыс қалған жоқ. Бәрібір Әлидікімін ғой деп ойлаған…Екі- үш күн деген немене зуылдап өте шықты. Сүйіктісін қимай-қимай шығарып салды тағы да. Мәдимен арадағы әңгімені бәрібір аузы барып айта алмаған. Арада бір ай уақыт өткенде басы айналып, жүрегі лоблитынды шығарды. Мазасы қашты. Алғашында қайдан білсін, қыздар айтқан соң «осы мен жүкті емеспін бе» деп күдіктене бастаған. Ана болу бақыт қой. Бір келген жолы Мәдиге «арамыздағы әңгімені ұмыт, мен Әлиді сүйемін. Қыздар деген көп қой. Солардың арасынан бақытыңды табарсың» деп жіңішкелеп жүкті екенін жеткізген. «Сыңарым болса да сені одан қызғанамын. Сенімен үйленсем ғана бақытты боламын деп ойлаушы едім. Қайтейін бақытты бізге жазбаған шығар» деп кетіп қалды. Екі адамды бірдей сүю мүмкін емес қой. Олар тағы егіз болса. Әлиге деген сезімін Мәдиге арнай алмас. Оған ары да жібермес еді. Мәди анда санда келіп кетіп жүрді. Арадағы сіз біз дескен әңгімеден арыға асырмайды. Баяғы жырын енді бастап келе жатса бұрып жіберіп басқа әңгіме айта жөнеледі. Көздері мөлдіреп тұрып, тұрып кетеді. Кейде аяйды да. Бірақ істер амалы бар ма? Әлиді сүйген жүрегі Мәдиге қарауға ерік бермейді. Ерік берсе де мұнысы опасыздық болмай ма? Күндер өтіп жатты. Жаңа жылға қарсы Әли оқуынан сұранып келмек болған. Асыға күтіп жүрді. Әке болатынын естісе қалай қуанар деп ойша елестетеді. Әлидің орнына қаралы хабар күтіп тұрғанын қайдан білсін?! Бір күні сабақтан келіп бөлмеге кіргені сол артынша біреу есік қақты. Ашса өңі боп-боз Мәди тұр.
— Не болды, не болды?, — деді сасқанынан жөпелдемеде аузына сөз түспей.
— Әли, нетіп, ауырып, хабар келді…
Өзі ауырып басы айналып зорға жүрген Раушан талып түсті. Көзін ашса айнала топырлаған қыз. Қасында басын ұстап Мәди отыр. Не болғанын түсіне алмады. Жүрегі бір жамандықты сезетіндей атқақтап соғып тұр. Мұның жайын білетін Мәди бірдеңені жасырып тұрған сияқты. Тек «әншейін ауырып қалыпты» дей береді. Бар шындықты мамасынан сұрап білейін деп Мәдимен бірге үйлеріне барған. Мұнда да топырлаған адам. Мамасының жүрегі ауыратын еді. Ол кісіге де ештеңе айтпаған білем. Сол күні кеште папасы Мәди екеуі ұшақпен Мәскеуге ұшып кетті. Хабардың анық қанығын білмей бұлар қалды. Мамасы жалғызсырамасын деп сонда қонуға қалған. Жылай-жылай шаршап көзі ілініп кеткен екен, түс көріпті. Биік таудың қарлы шыңдарымен жанаса үш аққу ұшып барады екен. Аққулар жұптасып ұшушы еді, мына біреуі артық қой деп ойлады. Бір уақытта біреуіне оқ тиіп жерге қарай құлдилады. Өмір үшін биікке ұмтылатын сияқты. Бірақ демі бітті ме бір уақта сұлқ құлады. Қалған екі аққу биік шыңнан ары асып көрінбей кетті. Таңға жуық көрген түс түстің тәңірісі деп деуші еді. Мына түсінен шошынайын деді. Бірақ сонда да жамандыққа жорығысы жоқ. Раушанның бар ойы Әли қатты ауырып қалған шығар жазылатын шығар болатын. Қайдан білсін, қайдан білсін, әкесі мен Мәди оның денесін алып келуге кеткенін. Жататын пәтерінің құбырынан ақау шығып улы газға уланып қайтыс болыпты. Сүйіктісінің денесін қара жердің қойнауына тапсырған күні Раушан мына өмірден баз кешті. Дәрі ішіп, өлгісі де келді. Бірақ іштегі сәбиін қимады. Өзіне осыншама бақытсыздық әкелген қаланы да, оқуын да тастап ағасының ауылына тартып отырды. Жылай-жылай жеңгесіне болған оқиғаның бәрін жайып салған. Елге баруға бет жоқ. Осы үйден басқа тығылатын бұрышы да жоқ-тын. Жылай бергеннен басқа амалы жоқ. ештеңеге зауқы да жоқ. Айналдырған екі-үш айдың ішінде құр сүлдері қалды. Ойлайтыны Әлимен жүрген кездегі бақытты күндері, оның сымбатты жүзі, әке болатынын білмей де кетті-ау деп налиды. Жеңгесі таныс гинекологына айтып аборт жасатуға ұсыныс айтқан. Бірден бас тартты. Әлиден қалған ең соңғы бір үзік тамшыны жоғалтқысы келмеген. Өстіп өксікпен өтіп жатқан күндердің бірінде Әли іздеп келді. Адресін қасындағы қызардан алыпты. Табалдырықтан аттап бері өткен оны Әлиді көргендей бас салып құшақтап әй өксіді-ай. Екеуі қосыла жылады. Мәди мамасына мұның Әлиден жүкті екенін айтқан екен. Мамасы екеуі ақылдасып Алматыға ертіп кел деп осында жіберіпті. Мәдидің де ойы белгілі. Әрі-сәрі күйде қалды. Әлиді жер қойнына тапсырғандары кеше ғана енді оның сыңарына тұрмысқа шығу. Басы дал боп кетті. Жеңгесімен ақылдаса келе тұйықтан шығар жол осы-ақ деп шығарып салды. Осылайша өзі бұрыннан білетін үйге келін боп түсті. Мамасы мен папасы бұл дегенде құрақ ұшып тұрады. Мәдидің шығарда жаны бөлек. Әлидің жылына қаратуға уақыт тар болды. Іші үлкейіп кеткен. Қалалық адамдар ғой анау-мынауды көңілге ала бермейтін. Алғашында үйренісе алмай өзіне қиын болды. Мәдидің құшағында жатып Әлиді ойлайды. Аңсайды. Қанша егіз дегенмен де екеуінің арасы жер мен көктей… Уақыты жетіп шекесі торсықтай ұл тапты. Кеше ғана қайғы шегіп қажыған шаңырақтың шаттығы шалқыды. Уақыт деген бәрін де ұмыттыратын емші екен. Ұлдарының былдыр-былдыр күлкісінен бәрін де ұмытқандай болды… Беу, егіз дүние… Егіз махаббат…
Мерейлі Ақтан