Бүгін Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Театр көктемі-2016» облыстық театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Фестивальдің ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан барша қатысушыларды құттықтап, өнер майталмандарына сәттілік тіледі.КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов төрағалық ететін қазылар алқасының құрамында: Қазақстанның Халық артисі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Есмұхан Обаев; Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі, Халықаралық Ш.Айтматов клубының вице-президенті Бусурман Одуракаев; «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Жұмабай Шаштайұлы; Дүниежүзілік Қазақтар қауымдастығының Германиядағы филиалының төрағасы Сүлеймен Шадкам; жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт; әдебиетші, сыншы, профессор, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-і жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Құлбек Ергөбек бар. Сонымен қатар, фестивальге ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдебиет сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутаев, «Еңлікгүл-2016» сыйлығының «Жылдың театртанушылық мақаласы» номинациегері Айзат Қадыралиева, театртанушы Назерке Жұмабай арнайы келді.Фестивальдің алғашқы күнінде Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Бас» драмасын, облыстық қуыршақ театры «Сағыныш шөбі» қойылымын, облыстық опера және балет театры А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын ұсынды.Үш күнге созылатын «Театр көктемі – 2016» фестивалі 9 сәуір күні Түркістан қаласы сазды-драма театрының «Мұстафа Шоқай» драмасымен қорытындыланады.
Связанные истории
13.09.2024
274653