Жұлдызай Дүйсенбиева балалық шағына саяхат жасады. Заңгер болуды жоспарлаған ол өнер әлеміне ойда-жоқта келдім дейді. Ал бала күнгі мінезі ортасына байланысты өзгергенін айтады. Актриса алғаш театрға қадам басқан жылдарын еске алады. Бұл туралы “Түнгі хабар” бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды стан.кз. Жұлдызай Дүйсенбиева көрерменге “Шаншар” театры арқылы көз таныс. “Алдараспан” тетатрында актриса болып, кейін жеке дара бөлінді. Әлі күнге өнерден алыстаған емес. Көбіне әзіл вайндар түсіріп, желі көрермендерінің көңілін тауып жүр. Актриса балалығы, арманы мен мінезі туралы ашық айтты. “Мен бала күнімде мінезім өте ауыр қыз едім. Қабағым қарысып, ешкімді жақтырмай жүретінмін. Көршілерім мені қабағы ашылмаған күйде күйеуге тиер ме екен деп айтады екен. Үйге қонақ келсе де, қабағымды түйіп алып жүретінмін. Жұмсаса, жұмсағанға бармаймын. Сондай бірбеткей, тентектеу болдым. Ата-анамның айтуымен баян класына бардым. Аккордионның салмағы менен үлкен болғандықтан, үйрене алмадым. Мүлде күшім келмеді. Сосын домбыраға бардым. Домбыраны ұнатып, күйші болсам екен дедім. Консерваторияға түскім келді. Бірақ ата-анам қарсы болды”, – дейді актриса. Айуынша, заңгер мамандығын немесе күйші болуды армандаған ол ойда-жоқта өнерге келеді. “Мен театрда жүріп, әрі қарай домбыраны оқимын деп ойладым. Кейін домбыра ұмыт қалып, актриса болып кеттім. Қазір мүлде домбыра тартпаймын. Үйімде тек ілулі тұрады. Солай өнерге келдім. Егер мен заңгер не басқа маман иесі болғанда мінезім ауыр болар еді. Менің мінезім ортама байланысты ашылды. Ортаға байланысты адам өзгереді деген рас екен”, – деді Дүйсенбиева. Дегенмен бала күнінен ата-анасының қолдауымен ән айтып, көпшілік алдында ән шырқап үйренген. “Ата-анам үйге қонақ келсе, мені шақырып ән айтқызады. Мен айтқым келмесе де ән айтам. Күлгім келмесе де, күлемін. Солай өстім. Ата-анам менің ән айтқанымды, өнерлі болғанымды қалады”, – деді ол. Жұлдызай Дүйсенбиева “Шаншарға” шақырту алғанда жалақысының аздығына қарамай келіскенін айтады. “Мен оқу оқып жүргенде бес-алты актер-актриса хит едік. Оның ішінде Нұржан, Ғалымжан бар. Біз театрда жұмыс істедік. Біздің өнерімізді көрген Уәлибек Әбдірайымов өзі театрға шақырды. Мен көп жалақымды тастап, 3000 теңге жалақы үшін “Шаншарға” келдім. 2000 жылы бәрі солай басталды”, – деді ол.