Бүгін Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық деңгейінің жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мақсаты – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе, жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау болып табылады.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының бірінші (аудандық, қалалық) кезеңіне 295 отбасы қатысса, облыстық байқауға әр аудан, қаладан 2 отбасыдан жалпы 30 отбасы қатысты.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысып, облыс басшысының атынан байқауға қатысушыларды құттықтап, байқауға қатысқан отбасыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Байқаудың бас жүлдесі кентаулық Қаратай Ошақбаевтың отбасына бұйырды.
Қаратай Ошақбайұлы – 79 жаста. Зейнеткер. Қазақ әдебиетіне, тұрмыс-салт жырларына өлеңдер, термелер, бата, нақыл, өсиет сөздер қосқан фольклортанушы. Кентау қалалық Ақсақалдар алқасының беделді мүшесі. «Кешігіп келген көктем» атты жыр кітабының авторы. Кентау қаласының Құрметті азаматы. Жұбайы Шайкүл апаймен 7 ұл, 25 немере, 21 шөбере өсіріп, өнегелі тәрбие беріп, ел демографиясының дамуына үлес қосып келе жатқан абыройы асқақ отбасы иесі.
Қаратай Ошақбаевтың отбасына 2016 жылғы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама берілді.