Бүгін Оңтүстік Қазақстанда облыс əкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы өтті. Төлеби ауданының «Алма-тау» демалыс аймағында өткен облыстық шара — «Салт-дәстүрлік іс-шаралардың деңгейін көтерудегі ардагерлердің және жастардың рөлі» тақырыбына арналды. Форумды Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Тəрбиелік мағынасы мол жиынға өңіріміздегі барлық аудан, қалалардан делегаттар, зиялы қауым өкілдері, депутаттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, діни басқарма имамдары жалпы саны 400-ге жуық азамат қатысты. Олардың арасында ірі тойханалардың иелері мен асабалар да болды. Ондағы мақсат тойды ұйымдастырып, өткізуге мұрындық болатын азаматтарға осы жиын қандай да бір ой түюіне ықпал болары сөзсіз. Жиынды жазушы, облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумның атқарушы хатшысы Байғұт Мархабат жүргізіп отырды. Қоғамдық форумда сөз алған өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов келген көпшілікті Рамазан айымен құттықтап, бүгінгі тақырып аясында ойын ортаға салды. «Біз жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, үлкенді сыйлауға, Отанды сүюге, адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Жастарымызды кітап оқуға, заманауи білім алуға баулып, қазіргі заманғы озық технологияларды меңгеруге шақыруға тиіспіз. Жаны сау қоғамның – кемшілігі мен қылмысы аз, артықшылығы мен жақсылығы көп болады. Сол себептен, біз өзіміздің салт-дәстүрімізге, ұстанған әдет-ғұрыптарымызға дұрыс көзқараста болуымыз керек», — деді өңір басшысы. Сонымен қатар, өз баяндамасында Б.Атамқұлов той өткізудегі ысырапшылдыққа, кейбір салт-дәстүрлеріміздің заманға сай келмейтініне тоқталды. Технология жедел дамыған мына заманда ағылшын тілін білудің маңыздығылын атап өтіп, жастарды білікті де, тәрбиелі әмбебап маман болуға шақырды. Бұдан бөлек жиында «Салт — дәстүрлердің жастарға дұрыс тәрбие берудегі рөлі» тақырыбы аясында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші проректоры, т.ғ.к., профессор Баршагүл Қашқынқызы Исабек, «Түрлі тойлардың, салтанаттардың, басқа да шаралардың тағылымдық — тәрбиелік мән — маңызын арттыру – парасатты парызымыз» тақырыбы аясында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Дәстүр мен жаңашылдық жасампаздығы және жастар бастамашылдығы» тақырыбында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан Айтбаев сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мəуленқұлов асабалардың шеберлігін арттыру жəне той өткізу жөніндегі көркемдік кеңес құру бойынша ұтымды ұсынысын ортаға салды. Сондай-ақ, той ортасында шам сөндірудің оғаштығын, «шырағың сөнбесін» деп тілек тілейтін салтымызға қарама-қайшы екенін де тілге тиек етті. Жиынға қатысқан асабалардың осыны есте ұстаса ұтарымыз көп. Жиын барысында форумға қатысушылар орта толтырған пікірлер негізінде арнайы қарар қабылдады. Рухани тəрбиелік шараның соңы Рамазан айындағы ауызашарға ұласты.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы өткізген «Салт-дәстүрлік іс-шаралардың деңгейін биіктетудегі зиялылардың, ардагерлердің және жастардың рөлі» жиынының
ҚАРАРЫ
Біз, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының «Салт-дәстүрлік іс-шаралардың деңгейін биіктетудегі зиялылардың, ардагерлердің және жастардың рөлі» жиынына қатысушылар халқымыздың, ұлтымыздың өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде елеулі де ерекше орын алатын салт-дәстүрлік шаралардың, түрлі той-жиындардың, діни рәсімдер мен ғұрыптардың жалпы деңгейі, мәдени дәрежесі тәлім-тәрбиелік мән-мазмұны барған сайын биіктей түсуі керек деп санаймыз.
Облыс орталығы Шымкентте, басқа да қалалар мен аудандарда, сондай-ақ ауылдарда тойханалардың, салтанат сарайларының, басқа да алуан түрлі осы мазмұндас сәулетті ғимараттардың қатары көбейіп отырғаны – бір жағынан жұртшылықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатының артқандығын білдіреді, екінші жағынан тереңірек ойлануды қажет етеді.
Өңірімізде, салт-дәстүрлік шараларды, түрлі той-жиындарды, діни рәсім-ғұрыптарды өткізуде Мәңгілік Ел мұраттары мен Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» тұрғысынан қарағанда орын алып жүрген олқылықтар мен көп болып түзетуді керек ететін кемшіліктер аз емес.
«Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының жиыны қарар етеді:
1. Облыс әкімі, форум төрағасы Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловтың баяндамасында және аталған тақырыпты талқылауға қатысушылардың сөздерінде айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар жан-жақты назарға алынсын.
2. Қалалар мен аудандардың әкімдері облыстық форум жиынының күн тәртібіне сәйкес аудандық және қалалық «Ырыс алды — ынтымақ» қоғамдық форумдарының басқосуларын өткізіп, нақтыланған, арнайы іс-шаралар жоспарын жасап, жүйелі орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Облыстық «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының хатшылығы, қалалық және аудандық «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумдары, облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер ұйымдары, бүкіл зиялы қауым, жастар ұйымдары, діни және басқа да қоғамдық бірлестіктер салт-дәстүрлік іс-шаралардың деңгейін жан-жақты биіктетуге жұртшылықты жұмылдыру ісінде белсенділік танытуы қажет.
4. Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков алдағы тамыз айында облыстағы салт-дәстүрлік шараларды, түрлі той-жиындарды, діни және өзге де тұрмыстық рәсімдер мен ғұрыптарды ұйымдастыруға және өткізуге қатысты барлық тиісті органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ, меншік нысанына қарамастан, мәдени-көпшілік және білім мен тәрбие беру мекемелерінің, тойханалар мен салтанат сарайларының, өзге де орындардың басшыларын, жауапты өкілдерін, асабаларды, режиссерлерді, жүргізушілерді, ардагерлер мен жастар, ақын-жазушылар, ғалымдар, т.б зиялы қауым өкілдерін қатыстыра отырып, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумында талқыланған аталмыш мәселеге арналған ашық пікірлесу өткізсін. Ұлттық салт-дәстүрлерді жас ұрпақ бойына сіңіру, салт-дәстүрлік, діни және басқа да тұрмыстық шаралардың деңгейін көтеруге байланысты ортаға салынған ой-пікірлер мен ұсыныстар бойынша нақты атқарылатын жұмыс жоспары жасалып, жүйелі орындалатын болсын.
5. Облыстық мәдениет басқармасы өзге де тиісті басқармалармен және құрылымдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, салт-дәстүрлік іс-шаралардың, түрлі той-жиындардың жаңаша бағдарларын жасауға назар аударсын, ұйымдастырушылар, жүргізушілер және асабалар семинарларын, оқуларын, курстарын ұйымдастыратын болсын.
6. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкіл имамы, барлық мешіттердің имамдары өзге де діни қайраткерлер жұртшылық арасында діни рәсімдер мен ғұрыптарды дәстүрлі дін мен ғасырлар сынынан өткен ұлттық, халықтық дәстүрлерге сәйкестендіруді түсіндіру мен насихаттау ісін барынша жандандыруға тиіс деп санаймыз. Бұл орайда облыстық дін істері басқармасы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі тиісті қолдау мен көмекті күшейте түсуге міндетті. Кереғар діни ағымдардың ықпалына жол беру еліміздің, халқымыздың татулығына, бірлігі мен ынтымағына, ұлттық дәстүрлеріне, бүкіл болашағына нұқсан келтіретінін ешқашан естен шығаруға болмайды.
7. Жергілікті мәслихаттарға, басқа да түрлі мекемелер мен ұйымдарға, құқық қорғау органдарының облыстық, қалалық, аудандық буындарына, кәсіпкерлерге, бизнес өкілдеріне, тойханалардың, салтанат сарайларының, өзге де тиісті орындардың басшыларына жұртшылықпен, әсіресе жастармен тиімді жұмыс жүргізу, жаңаша ізденістер жасау ұсынылсын.
8. Салт – дәстүрлік, діни және басқа да тұрмыстық іс – шаралар ұйымдастыруды реттеу, әсіресе түрлі тойлар өткізудегі даңғазалықты, ысырапшылдықты жою, адамдарды тым көп шақырып, жұртшылық тыныштығына, қоғамдық тәртіптің, жалпы мәдениет пен этика нормаларының сақталуына нұқсан келтіретін асыра сілтеушіліктерді шектеу мақсатында арнайы заң қабылдау, немесе тиісті заңнамаларға толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар жасалуы қажет деп санаймыз.
9. Облыстық ішкі саясат басқармасы форум жиынында көтерілген мәселелер мен айтылған ой-пікірлерді қоғамдық пікірде және бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты, жүйелі талқылап, нақтылы нәтижелерге қол жеткізу жолдарын қарастыратын болсын.
2016 жылғы 24 маусым, ОҚО Төлеби ауданы,
«Алма-тау» демалыс орны