Кәрі құрлықтан сүйінші хабар жетті. Қашанда өнер додасында биік белестерді бағындыратын оңтүстікқазақстандық өрендердің бірі жерлестерін тағы да ақжолтай хабарымен қуантты. Италияда өткен Халықаралық «Sun оf Italy» фестиваль-байқауына Оңтүстік Қазақстан облысының атынан қатысқан Карина Нажмеддинова бас жүлдені олжалап қайтты. Әлемнің әр түкпірінен жиылған кілең саңлақтардың арасынан суырылып шыққан Каринаның өнерін әділқазылар алқасы жоғары бағалаған. Өнерпаз өрен бұған дейін Эстония Республикасының астанасы Таллин қаласында өткен Халықаралық ІІ «Soprus» балалар мен жасөспірімдердің фестиваль-байқауына қатысып, І орынды иеленген болатын. Карина ән додасында қазақ, италиян, эстон тілінде ән шырқап, Шығыс еуропалықтардың ыстық ықыласына бөленген болатын. Карина Шымкенттегі №1 Жамал Омарова атындағы өнер мектебінің шәкірті. Талай таланттар түлеп ұшқан өнер мектебінде білім алғанын Карина мақтаныш тұтады. Тума таланттардың томағасын сыпырып, өнер әлеміне қанат қақтырған атақты мектептің шәкірттері әрине Каринамен шектеліп қалмақ емес. Каринаға дейін де, кейін де талай талант түлеп шығатынына сенім кәміл. Бір бұл ғана емес бұған дейін де талай ән додасында бағы жанып, жеңіс тұғырынан көрініп келген өнерпаздың жеңісіне жерлестері дән риза. Халықаралық байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 50-ге тарта үміткер қатысқан. Әрине аз емес, әр ел өзінің үміт артқан тек үздіктерін жіберетінін ескерсек, бұл әрине аз емес. Осынша дарындардың арасынан ақыры тума талант қара үзіп, дара шықты. Әлемдік додаларда шашасына шаң жұқтырмай жүрген жас та болса хас таланттың алға қойған арман-мақсаты да биік. Өткен жылы жас вокалшы Шымкентте жыл сайын өтетін дәстүрлі ХVIII қазақ романс орындаушыларының ашық аймақтық байқауының «Балалар романсиадасында» бас жүлдені иеленген болатын. Жас өнерпаз Таллин, Маарду, және Тарту қалаларында өткен концерттік бағдарламаларға қатысып, қазақтың классикалық әндерін орындап, эстондық тыңдармандардың көңілінен шыққан болатын. Биік белестерді бағындырған Карина араға жыл салып биыл тағы да жүлделі орыннан көрініп отыр. Sun of Italy, яғни «Италия күнінің шуағында» халықаралық жазғы фестиваль-байқауындас бас жүлдені иеленді. Аталмыш байқаудың ұйымдастырушысы Fiestalonia International (Ұлыбритания) жас әртістерді қолдау продюсерлік орталығы мен Fiestalonia Milenio испан фестиваль комитеті болып табылады. Фестиваль-байқаудың басқа өнер додаларынан өзгешелігі өте көп. Ең бастысы байқауға қатысушылардың әрбіріне Италия өкілдігімен тіркелген CID UNESCO-ның мүшесінен атаулы дипломы беріледі. Бұл фестивальге сыныптастар мен курстастар, қолдау топтары мен жас қатысушыларды, сондай-ақ, жас қатысушылардың ата-аналарын да шақыруға болады. Сондай-ақ, байқау барысында әр талант өз үнтаспасын саудалап, табыс табуына да мүмкіндік берілген. Фестиваль регламенті бойынша Италияның әсемдігін тамашалап, Венеция мен Римді, Флоренцияны аралауға мүмкіндік береді. Бұл басқосулардың, әсіресе, елдер арасында тәжірибе алмасуда, онда ұйымдастырылатын шеберлік сабақтары мен флешмобтарда халықаралық шараның барысын сезінуде үлесі орасан. Байқау әр санатқа бөлінген, вокал бойынша да, би де барлығы да бар. Жез таңдай, күміс көмей әнші қыз әлемге қазақ елін мойындатты. Небәрі 14 жасында осындай жетістікке жетіп отырған қазақ қызының алдағы алар асуы бұдан да биік болары сөзсіз. Таланттарды жарыққа шығаруда үлкен еңбек етіп отырған Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының еңбегі зор.
Карина Нажмеддинова, халықаралық байқаудың жеңімпазы:
— Ұстазым Халида Мухариямоваға айтар алғысым шексіз. Менің биік жетістікке жетуіме қосқан үлесі мол. Байқау оңай болған жоқ. Десе де жеңіске жетуге тырыстым. Шетелдіктердің қазақ әнін тыңдағандарына қуаныштымын.
Дәулет Бейімбет