Отандық кино индустриясы қашан дамиды деп Асан қайғының зарын қаға берген де жөн болмас. Бүгінде кино, сериал түсіруден мол табыс түсіріп отырған Түркия, Бразилия, Үндістаннан озып кеттік деуге болмас, дегенмен де теңіздің қасындағы тамшыдай болса да осы саланың тамырына жан біте бастады. Бүгінде анимациялық фильмдердің отанына айнала бастаған Шымкентте тағы бір отандық төл туынды түсірілмек. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында бірнеше кино түсірілген болатын. Олардың барлығы да көрермен көңілінен жол тауып үлгерді. Соның бірі жастардың көзайымына айналып үлгерген «Hello, ауыл» фильмі. Жарыққа шыққанына көп бола қоймаса да бірден көрермен көңілін жаулап алды деуге болады. Өйткені «Ютюб» желісінде соңғы 2 айдың ішінде бұл фильмді 1 360 108 адам тамашалаған. Бұл әрине үлкен жетістік. Төккен тердің өтелгені деген осы. Бүгінде әбден шетелдік киноларды көріп, саралап үйренген көрерменді жаңадан түсірілген туындымен алдай алмайсыз. Көрермен мойындайды. Егер түсірген киноңыз расында керемет болса… Сонымен жуырда Шымкентте тағы да бір тың туынды түсірілмек. Аталмыш киноға бүгінде дайындық жұмыстары қызу басталып та кетті. Оған алдын ала актерлерді кастингтен өткізу жұмыстары жүргізілуде. Хабарландыру шыға салысымен мұнда бағын сынауға келгендердің қарасы қалың. Басты рольді сомдасам деген арманға иек артып келгендерге қойылатын талап та жеңіл емес. Берілген мәтінге сай белгілі бір рольді сол жерде сомдап шығуы қажет. Киноның көтерер жүгі жеңіл емес. Бүгінде шаңырақ шайқалуы, жетімдердің көбеюі, жас жұбайлар алдарынан жолығар түрлі тосқауылдарға төтеп бере ала ма, міне туынды осы сұрақтардың төңірегінде өрбиді. Отбасындағы түрлі қиындықтарды жеңіп, балаларды жылатпау үшін не істеу керек? Бүгінде қоғамның жегі құртына айналған ажырасу мәселесіне тосқауыл қоюға бола ма? Туынды осы әлеуметтік мәселелерге жауап тауып, жастарды жаман әдеттен жирендіріп, жақсылыққа үндейтін болады. Әрине дәл осы тақырыптағы туындылар бүгінгі жастар үшін көптеп түсірілуі қажет. Өйткені ажырасу көбейіп кеткен тұста бұл әрбір жасқа ой сала алса онда ұтқаны. Әрине басқа тақырыпты, басқа аудиторияны қамтитын фильмдерді де түсіре беруге болар. Дегенмен әлеуметтік маңызы бар дәл осы тақырыптағы туындылар жастарға ауадай қажет бүгінде.
Серік Талас, режиссер:
— Жаңа фильмге 100-ге тарта актер қарастырып жатырмыз. Іріктеуге келгендер тіптен көп. Бағын сынауға келген жастардың тең жартысында туындыға қатысып, роль сомдауға мүмкіндігі бар. Актердің өзіне де көп нәрсе байланысты. Ынтасы зор, талантты үміткеркерге тіпті басты рөльді де ұсына аламыз.
Енді ғана қолға алынып жатқан бастамаға 4 миллион 200 мың теңге қарастырылып отырған көрінеді. Мұндай қолдауды облыстық жастар орталығы көрсетіп отыр. Айта кететін бір жәйт жастар орталығы соңғы әлетте мұндай ілкімді бастамаларға көптеп мұрындық болып жүр. Нәтижесі де жаман емес. Алдағы уақытта бұдан басқа да көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарларында бар. Фильм түсіріледі деген ақжолтай хабарды естіп қуанып жатқандар көп. Оның қай кезде үлкен экранға шығатыны әлі белгісіз. Дегенмен, тамыз айының соңына таман түсірілім басталады деп отыр ұйымдастырушылар. Көзі қарақты көрермен қазақ киногерлерінің бұл туындысын асыға күтендеріне кәміл сенімдіміз. Фильм түсіріліп біткен соң талқы таразысына салынатыны белгілі. Талантты режиссер Серік Талас қамшы салдырмас деген ойдамыз. Фильмнің оқиға желісі бүгінгі күннің күйіп тұрған тақырыбын қозғағалы отыр. Демек көптің көкейіндегісін дөп басары анық. Талантты да тәжірибелі жас режиссер қолға алып отырған туындының сәтті шығатынына сенім мол. Оңтүстіктің мерейін асыратын тамаша туынды болса деген тілек бар бізде…
Дәулет Бейімбет