Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры биылғы жылдың маусымын «Қыз-Жібек» операсымен ашты. Бұл қойылым ІХ театр маусымының ашылуына және Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Еліміздің мерейлі мерекесіне арналған қойылымға театр ұжымы ұзақ уақыт дайындалған. Облыстық опера және балет театры өзге өңірлердегі театрлармен үзеңгі қағыса алатындай, биік дәрежеге жетіп отыр бүгінде. Өйткені талай өнер байқауларында бас жүлде алған театр бүгінде қоржынын тың туындылармен толықтыру үстінде. Биылғы маусымды әйгілі операмен ашуы да тегін емес. Қазақтың ұлттық операсының дамуы Е.Брусиловскийдің 2 актілі, 4 көріністі «Қыз-Жібек» операсынан басталатыны белгілі. Бүгінде алтын қорға енген әйгілі туындының алар орны да ерек. Ұлттық құндылығымызды әйгілейтін классикалық туынды сахнада алғаш рет 1934 жылы қойылған. Аса биік талғаммен жазылған операның мән-мазмұны да, музыкалық әдеби көркемдігі де, сахнаға қойылуы да бір-бірімен үндесіп, керемет туынды боп шыққан. Әлемнің әйгілі туындыларнан бірде-бір кем емес. Сол құндылығын әлі күнге дейін жойған жоқ. Ғабит Мүсіреповтың «Қыз-Жібек» операсының негізінде ХІV-XVI ғасырлардағы махаббат пен адалдық жайлы дастан алынған. Аталмыш спектакль бүгінгі таңда еліміздің өзге өңірдеріндегі театрларда қойылып жүрген «Қыз-Жібек» опера нұсқаларынан мүлде бөлек қойылым. Кезінде бұл туындының желісімен кино да түсірілген. Әрине өнердің әр тармағында әртүрлі қойылған. Кинодағы нұсқасында Төлеген бақилық болған соң, Жібек суға ағып өледі. Бұл мәңгілік махабаттың тіні ретінде киноға арқау етілген. Ал опералық қойылымда жесір қалған Қыз Жібек арада сегіз жылдан соң әмеңгерлік жолмен Төлегеннің інісі Сансызбайға тұрмысқа шығып, спектакль эпоста жырланғандай, мерекелік той думанға жалғасады. Қойылымның қоюшы-режиссері — Асқар Алтынбеков, қоюшы дирижері – Абзал Мухитдинова, режиссері – Қайрат Құлыншақов, режиссердің ассистенті – Шыңғыс Айдарбеков, бас дирижері – Қуаныш Исмаилов, қоюшы-суретшісі — Жомарт Дүйсебеков, бас хормейстері – Бағлан Алтаев, бас балетмейстері — Қазақстанның мәдениет қайраткері Рита Хайрушева, Басты партияларды орындаушылар: Жібек – Үралхан Сейлбекова, Жұлдыз Мусаева, Төлеген – Ерлан Жандарбай, Мәдіхан Дүйсеев, Бекежан және Хан – Марат Оразметов, Шеге – Қайрат Құлыншақов, Жұмабек Қаңтарбаев, Батсайы – Майгүл Микижанова, Замира Алимкулова, Сансызбай – Нұржан Жүсіпбеков, Қамқа – Қарлыға Бердияр, Базарбай – Бақытжан Турсуманов және көпшілік сахналарда хор, балет артистері. Ұжымның жұмылған жұдырықтай бірлесе тер төгуінің арқасында қойылым жоғары деңгейде көрермен назарына ұсынылды. Көрерменнің көңілінен шыққан керемет туынды алдағы уақытта да бірнеше рет қайта сахналанатын болады. Аталмыш театр бірнеше рет байқаулардың жүлдегері де болған. Өткен жылы «Рюбецальдің музыка бағы» деп аталған халықаралық фестивальде Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының әншілері жүлделі орындарды қанжығасына байлап қайтқан болатын. Оңтүстіктің күміс көмей, жез таңдай, диапазоны кең әншілері Ерлан Жандарбай, Алексей Скибин, Гүлжан Расқалиева, Маргарита Кин, Айгүл Айғазиевалар классикалық музыка жауһарларымен сусындап өскен кәрі құрлықтың өнерсүйер жұртын өз өнерлеріне тәнтті еткен-тін. Тек өнермен ғана шектелмей театр ұжымы қоғамда орын алып жатқан оқиғаларға да өзіндік үнін қосып отырған жайы бар. Елбасының «Мәңгілік ел» жолдауын талқылаған облыстық опера және балет театрының қызметкерлері мол мүмкіндікке қол жеткізетін бағдарламада театрларға мейлінше қолдау көрсету жайы қамтылғандығына қуанышты. Әрине өнерге, мәдениетке деген қолдау театр ұжымы үшін үлкен демеу. Динар Бекасыл
Связанные истории
13.09.2024
274091