Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік әзіл-сықақ және сатира театрының құрылғанына да айтарлықтай көп уақыт өте қойған жоқ. Бар болғаны 7 жыл ғана. Осы уақыт аралығында театрдың жеткен жетістіктері айтарлықтай. Бүгінге дейін елімізде бірде-бір мемлекеттік сатиралық театр болған емес. Сондықтан да бұл театр әзірге сатира театрларының бірі де бірегейі. Бүгінгі көрермен талай сатираның қаймағанын айырған әккі көрермен. Оларды арзанқол әзілмен алдай алмайсың. Ал мемлекеттік сатира театрының әр қойылымы көрермен үшін бір думан. Бүгінде еліміздің сатира саласының сойылын соғып жүрген театр көрермен назарына әрдайым сұрыптаудан өткен, сапалы қойылым ұсынып келеді. Ұжым әрдайым өмірдің өзінен ойып алынған шынайы қойылымдарымен ұтатыны рас. Олардың әр қойылымынан ашкөздікті де, арсыздықты да, қазақы аңқаулықты да тап басып тануға болады. Соңғы кездері классикалық комедияға ден қойып жүргендері қуантады. Көрерменді күлдіре отырып жылату кез-келген театр ұжымының қолынан келе бермейді. Бұл жағынан алғанда театрдың асығы алшы. Кез-келген қойылымынан әркім өзінің бір қылығын таныса демек әртістердің ойынының текке кетпегендігі. Театрдың жаңадан тұсауын кескен қойылымдарының бірі «Өгізбайдың отбасы» облыс орталығында аншлагпен өткен болатын. Сатиралық шығармалар жоқ деп Асан қайғының зарын қағатын Уәкең (Уәлибек Әбдірайымов) емес. Жаңа туындының болашағын жазып, сызып ұжым талқысына салып, ұзық уақытқы дайындықтан кейін көрермен талқысына салды. Аспанда ұшып жүретін әдеби шығарма емес, өмірдің өзінен ойып алынған оқиға. Ұтымды әзіл, ойнақы қалжың қойылымның өн бойында өріп жүр. Көрермен бір деммен, тапжылмай тамашалайтын туынды. Ынтымағы кеткен отбасын бір арнаға ұйыстырып спектакль соңы «хеппи-энд» -пен аяқталады. Сатираның майталманы Ғаббас Қабышұлы кезінде осы «Өгізбайдың отбасы» қойылымын жоғары бағалаған еді. «Қымбат күлкіге зәруміз. Арзан әзіл қаптап кеткен шақта мына қойылым соларға үлгі боларлықтай жол көрсетті.Кешегі Оспанхан Әубәкіров, бүгінгі Үмбетбай Уайдиннің дүниелерін пайдаланып, театрды қымбат күлкімен көтеру керек»деген болатын. Бұдан бөлек театр С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», қырғыз авторы Әбдімомыновтың «Алдар-көсе», Д.Исабековтың «Бонопарттың үйленуі» сынды біраз дүниені сахналады. Сатира саласында аянбай тер төгіп жүрген театр ұжымына жеке ғимарат та берілді. Бұрынғы Шымкент кинотеатрының ғимаратында отырған ұжым осында дайындық жүргізеді. Еліміздегі жалғыз мемлекеттік сатира театрына жасалып отырған қамқорлық облыс басшыларының өнерге деген көзқарасын білдірсе керек. Бұдан бөлек жуырда өнерсүйер қауымға Уәлибек Әбдiрайымовтың «Базарыңның барында…» атты жаңа қойылымын ұсынды. Қоғамда болып жатқан жаңалықтардан, кереғарлықтардан әрдайым құлағдар болып отыратын театр ұжымы соны сахна тілімен «сөйлетеді». Қоғам тынысынан тыс қалмау да театрдың бір қыры болса керек. Оқиға доллар бағамының көтерілуін өзек етіп алған. Доллар бағасының (актер Ғалымжан Қаппаров) тым шарықтап, юаньнiң (Нұржан Құлшынбаев) де беделi асып, теңгенiң (Жүсiп Ақшора) оңбай құлдырауы әлем елдерiнiң көбіне оңайға соқпағаны анық. Рольдері де актерлдердің дене тұрпатына лайықталып таңдалған. Ұтымды ой, ұтқыр образ, тұщымды долбар – бәрі де үйлесімді шыққан соң көрерменнің көңіліндегісін дөп басып, күлкіге көмді. Ал, көрермен назарына ұсынылған тағы бір туынды «Аузым бар деп оттама» ток-шоуы туралы спектакль соңғы кезде кейбiр телебағдарламалардың тым тұрпайылық танытып, шектен асып кететіндігі туралы ащы шындықты кейіптей білген. Алдағы уақытта бұдан басқа қойылымдарды ізденіп, сұрыптап, көрермен назарына ұсыну театрдың жоспары. Театр ұсынған барлық қойылымдардың да көрермен көңілінен шығатынына сенім мол. Театрдың жемісті еңбек етіп, жетістіктерге жетуі мемлекет тарапынан мәдениет ошақтарына жасалып отырған қамқорлықтың арқасы.
Дәулет Бейімбет