Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры бүгінгі күні кішкентай көрермендерін қызықты қойылымдарымен қуантып келеді. Бір сұхбатында «Шаншар» әзіл-сықақ театрының бас директоры Уәлибек Әбдірайымов «Жылдық жоспарды артығымен орындайтын бір ақ театр бар. Ол облыстық қуыршақ театры» деп еді. Айтса айтқандай-ақ, көрермендеріне уақытылы жаңа қойылымдарын ұсынып жүрген қуыршақ театры туралы теріс пікір жоқ. Тек әрдайым ізденіс үстінде болатын театрды кішкентай бүлдіршіндер асыға күтетіні анық. Облыс үшін қаншама ғимараттар мен демалыс орындарын салғызып, халқына қалтқысыз қызмет еткен Асанбай Асқаров кезінде осы қуыршақ театрының ашылуына мұрындық болған екен. Ашылғаннан бергі 33 жылдан астам уақыт бойы бүлдіршіндерге қойылымдарын ұсынып келеді. Болашақ театр көрермендерін дайындап беретін қуыршақ театрының атқарар ролі зор екендігі анық. Кішкентайынан театр баспалдағын аттап, ондағы қуыршақтың болса да ойынын тамашалаған баланың болашақта өнерге деген ынтызары оянары хақ. Сондықтан да қуыршақ театрларына барынша қолдау жасау қажет-ақ. Театр ұжымы көрермендерін кішкентай, санасы қалыптаспаған деп бөле жармай әр қойылымға аса ыждағаттылықпен дайындалады. Бүлдіршіндерге ұсынылатын әр қойылым бала санасына сәйкес таңдап алынады. Әр қойылымның ұзақтығы 30-40 минуттан аспайды. Бүгінгі кішкентай балапан ертеңгі еліміздің болашағы, оған ел, жер, отан туралы қойылымдар арқылы-ақ рухани азық беріп, рухы өр тұлға өсіріп шығаруға болады. Қуыршақ театрының әр қойылымы баланың рухани өсуіне зор азық боларлық қойылымдар ұсынады. Тек ата-аналар ерінбей-жалықпай кішкентай бүлдіршіндерін театрға алып келсе болғаны. Облыстық қуыршақ театры құрылғалы берi 150-ден астам шетелдiк және отандық авторлардың шығармасын сахналаған. Тек облыста ғана өнер көрсетіп қоймай, Түркия, Болгария, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерiнде гастрольдiк сапарлармен болып қайтты. Ерінбей еңбек етіп, тамшылатып тер төккенде ғана жетістік алға жетелейді. Өткен жылы қуыршақ театры республика бойынша «Сала үздiгi – 2015» атағын жеңіп алды. Бүгінде балаларын түрлі үйірмелерге, арнайы курстарға апаратын ата-аналар баршылық. Бірақ кейде сол үйірмелердің бағасы қалтаға салмақ салатыны бар. Ал қуыршақ театрларына келіп, баланың бойына рухани нәр себуге асығатындар көп емес. Бүгінде қуыршақ театры қойылымдарын мектептерге, бала-бақшаларға барып қойып жүр. Кішкентай көрермендер әрқашан қуыршақ театрын қуана қарсы алады. Қуыршақ театры қайырымдылық шараларынан да шет қалмайды. Жуырда ғана «Бөбектер үйі» мен «Мейірім» балаларды оңалту орталығында болып, украин халық ертегісінің желісімен жазылған «Масақ» атты қойылымын көрсетіп қайтты. Сондай-ақ, басқа көптеген қойылымдарға да бай. Мәселен, Г.Ландаудың «Ку-ка-ре-ку», М.Байғұттың «Достық мектебі», О. Әубәкіровтің «Қожа мен спорт», Ә.Файзуллаұлының «Керқұла атты Кендебай», «Үй таңдаған лақ», Ә. Табылдының «Бәрекелді, кірпі», Д. Исабековтің «Киелі алма», Л. Супониннің «Сотқар ешкі», М. Малдыбаеваның «Алтын балық», Н.Гернеттің «Балапан» атты қойылымдарын балалар әрдайым ықыласпен көреді. Бір қуантарлығы облыстық қуыршақ театры әлеуметтік желілерден арнайы бет ашып, өз шығармашылықтарын, жаңалықтарын бөлісіп отырады. Қызығушылық танытқан жандарға қандай қойылым болатынын, билеттерді қайдан сатып алуға болатыны жөнінде ақпарат беріп отырады.
Бахтияр Спанов, ОҚО қуыршақ театрының директоры:
– Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры, облыс көлемінде және Атырау, Астана, Байқоңыр қалаларына гастрольдік іссапармен барып, 53 000 көрерменге 613 спектакль көрсетіп, қаржылық жоспарды артығымен орындады. Облыс көлемінде жыл бойына екі мыңға жуық көрерменге қайырымдылық ретінде 26 спектакль тегін қойылған. Бұдан бөлек театрда соңғы жылдары әрбір қойылым кезінде, материалдық жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 10-15 балаға тегін спектакльдер көрсету дәстүрге айналған.
Динар Бекасыл