Елімізде цирк ірі қалаларда ғана бар. Облыс орталығынан цирк ғимараты бой көтере бастағанда қала тұрғындарының қатты қуанғаны рас. Бүгінде осы «Оңтүстік-цирк» мекемесінің құрылғанына бес жылға жуықтап қалды. Осы уақыт аралығында көрермендеріне көптеген қойылымдар ұсынып, халықаралық дәрежедегі байқауларда бас жүлдені қанжығаларына байлап та үлгерді. Өзге өңірлерде жоқ нөмірлерді орындап, көрермендерін баурап алған жайы бар. «Балақай, алақай-1!», «Балақай, алақай-2!» және «Джунгли» төл туындыларын сахналап, жоғары баға алып та үлгерді. Әрине жеке дара нөмір дайындау да оңайға соқпайды. Әр маусым сайын қойылымдарды жаңартып отыру жағы тағы бар. Жас өнер ұйымы өткен жылы «Джунгли» атты үшінші жаңа туындысын жасап, 10 қойылымын көрерменге ұсынды. Бұл туынды кезінде талайларды таң қалдырғаны рас. Өйткені елімізде ғана емес, ТМД елдері ішінде алғаш рет цирктік спектакль ретінде қойылған тың туындының бірі. Әрі бұрын соңды цирк өнерінде мұндай қойылым болмаған. Бұл қойылымның көрермендері өте көп болды. Тіпті бірнеше мәрте қайталап көруге келгендерде есеп жоқ. Ұжым үшін бұл әрине үлкен жетістік. Астана, Алматы сынды ірі қалалардағы цирк ұжымдарымен өзара әріптестік байланыс орнату жөніндегі меморандум түзілген. Қаншама жылдық тарихы бар ұжымдардан өнер әлеміне тәй-тәй қадам басқан «Оңтүстік цирктің» үйренері көп. Осы меморандум аясында бірнеше тәжірибе алмасу ретінде гастрольдік сапарлар ұйымдастырылды. Тек облыс орталығында ғана өнер көрсетпей жиі-жиі басқа қалаларға да гастрольдік сапарларға шығыпи тұрады. Жуырда ғана Тараз, Қарағанды қалалары мен өңіріміздің Қазығұрт, Төлеби, Отырар, Түлкібас аудандары тұрғындарына шығармашылық бағдарламаларын көрсетіп қайтты.
Арман Әлиев, «Оңтүстік цирктің» директоры:
— Былтырғы жыл ұжымымыз үшін жемісті болды. Үлкен манежде 10 қойылым, гастрольдік сапарларда 15 қойылым ұсынды көрермен назарына. Сондай-ақ, цирктің өз ғимаратында 21 концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, шетелдіктермен бірігіп 40 қойылым сахналанды. Әрдайым кішкентай көрермендерімізге арнап қайырымдылық шарасы ретінде тегін қойылымдар ұсынып отырамыз.
«Оңтүстік цирк» ұжымы былтыр «Азия жаңғырығы» халықаралық фестиваліне қатысып, ерекше қойылымдары үшін күміc жүлдеге ие болды. Жыл сайын ұйымдастырылатын фестивальге әлемнің сегіз мемлекеті қатысқан болатын. Цирк жанры бойынша өткен сайыста «Арқан» нөмірімен «Оңтүстік цирк» әртiстерi Шавкад, Шухрат Сураншиевтер мен Мадина Халилаева, Абылай Көпбаев өнер көрсеткен-тін. Бірнеше күнге созылған өнер фестивалi қорытындысына сәйкес, бас жүлдені Астана циркi бағындырса, бірінші орынды Алматы және Ресей циркi, екінші орынды Шымкент пен Беларуссия әртiстерi, үшінші орынды Голландия және Эфиопия елдері иемденді. ұжым үшін бұл жоғары жетістік. Мәдениет шаңырақтарына жасалып жатқан қамқорлық циркұжымын да айналып өтпеді. Жыл басында ғана облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қара шаңырақ Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрына автобус сыйлаған болатын. Енді міне, өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов ұжымға қажетті құрал-жабдықтар мен жан-жануарларды тасымалдайтын екі жүк көлігін сыйға тартты. Бұған дейін цирк қызметкерлері кішкентай көлікпен гастрольдік сапарларға шығып жүрген еді. Сыйымдылығы аз, әрі ұзақ жолға шыдас бермейтін көліктердің кесірінен жол машақаты тағы бар. Енді сол машақаттан құтылатын кез келді. Шалғай ауылдар мен өзге өңірлерге еш қиындықсыз барып, өз өнерлерін паш етуге мүмкіндік мол. Облыс әкімінің қамқорлығы цирк әртістеріне үлкен шабыт сыйлары хақ. Енді алдағы уақытта көрермендердің көзайымына айналатын керемет қойылымдар жарыққа шығары сөзсіз. Бұл Елбасы Жолдауында айтылғандай мәдениет ошақтарына барынша жағдай жасаудың жарқын көрінісі болса керек.
Динар Бекасыл