Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған не болмаса аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға жыл сайын қамқорлық ретінде «Мектепке жол» атты акция дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осыған дейін «Мектепке жол» атауымен ұйымдастырылып келген қайырымдылық шарасының биыл ұраны өзгерді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген акцияға биыл «Бақытты балалық шақ мекені» деген айдар тағылып отыр. Аты өзгерсе де акцияның заты өзгерген жоқ. Қамкөңіл балғындарға көмек қолын созуға ниетті жандардың қатары көбейіп келеді. Ізгі ниетті қуаттаған мұндай шарадан облыстағы имамадар қауымы да шет қалған емес. Бұл жолы 13 мекеме 130-дан астам әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы балаларына білім алуға қажетті оқу құралдары мен киім-кешек сыйға тартты. Жалпы, қала мектептерінде 26 мыңнан астам көмекке мұқтаж отбасының бүлдіршіндері есепке алынған. Осы акция барысында демеушілердің қолдауымен 27 миллион теңге жиналып, 3 мыңға жуық балаға қамқорлық жасалады деп күтілуде. «Бір баланың шаттыққа бөленгені — мың періштенің қуанғаны». Шымкенттегі орталық мешітте де 70 оқушыға сөмкелер мен мектепке қажетті оқу құралдары тапсырылды. «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға жергілікті жаны жомарт кәсіпкерлер атсалысты. Айта кету керек, облыстың орталық мешіт жамағаты мұндай акцияға алғаш рет ұйытқы болып отырған жоқ. Осымен екінші рет қайырымдылыққа мұрындық болған дін өкілдері Алла үйіне жамағаттан жиналған теңге мен атпал азаматтардың демеушілігінің көмегімен ауқымды шараға өз үлестерін қосты. Шымкентте 400-ден аса оқушыны облыс имамдары мектепке дайындады. Мұндай шара облыстағы барлық аудандарда да жалғасын табуда… Бүгін облыстық мешітте де «Мектепке жол» акциясы жалғасын тапты. Әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыдан шыққан оқушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен сөмкелер табысталды. Қайырымдылық шараға демеушілер тартылған. Олардың көмегімен жүзден аса балаға қаржылай тарту жасалды. Қазақстан мұсылмандар одағының Оңтүстіктегі «Зекет қоры» ұйтқы болған шара қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Мешіт өкілдері әлі облыс бойынша 1000-ға жуық баланы оқуға қажетті заттармен қамтамасыз етіп, қуантуды жоспарлап отыр. Сауапты істің биылғы ерекшелігі – екі айға созылуында. 1 тамыз бен 31 қыркүйек аралығында жалғасатын шара аясында көпбалалы отбасылардың, әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардың, сондай-ақ, жетім, жартылай жетім балаларға көмек берілмек. Ордабасы ауданындағы Шұбар ауыл округінің әкімдігінде өткен акцияда 15 оқушы кәсіпкерлерден сый-сияпат алды. Ауылдың қалталы азаматтары, сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, жеткіншектерге жылы лебіздерін де жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Ә.Сәдірмек «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген қанатты сөз бар. Ұрпағын тек өмірінің жалғасы ретінде ғана емес, мемлекетінің болашағына балайтын қазақпыз. Бүгінгі қамқорлық жастарымыздың ертеңге сенімін нығайтып қана қоймай, олардың бойында мейірімділік, отансүйгіштік қасиеттерін ұштай түсетіні сөзсіз. Жақсылық жасауға жанымыз жақын болсын» деп, көпшілікке алғыс айтты.
Қатарынан 8 жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан қайырымдылық шарасы аясында жыл сайын облыста орта есеппен 20 мыңнан астам балаға материалдық көмек беріледі. Былтыр бұл мақсатқа шамамен 230 миллион теңге жұмсалған. Жауаптылардың сөзіне сенсек, жыл өткен сайын балаларды мектепке дайындау шарасына атсалысатын демеушілер көбейіп келеді. Кәсіпкерлерден өзге шарапатты іске әкім қаралар мен халық қалаулылары да қолқабыс жасауда. Ал сауапты істің басында имамдар жүр. Бүгінде нарық деген нарқасқаның арқасында мектеп киімдері, оқу құралдарының бағасы тым қымбаттап кеткені белгілі. Бір ғана баланы мектепке дайындау 25-30 мың теңгеден асып жығылады. Ал көп балалы отбасыларға тіптен қиын екені айтпаса да белгілі. Теңіздің қасындағы тамшыдай болса да имамдар қаншама балаға көмек қолын созды. Имамдардың бұл ізгі көмегі алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.