Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры бүгінде көремендерін шоқтығы биік қойылмдарымен тәнті етіп келеді. Былтыр ғана академиялық атақ алып облыс жұртшылығын қуанышқа кенелткен болатын. Бұл атақты алу оңайға соққан жоқ. Қаншама төгілген тер, өлшеусіз еңбек етті бұл жолда театр әртістері. Биыл театр құрылғаннан бергі уақытта тұңғыш рет бір маусымда бір емес, алты бірдей премьералық қойылым сахналады. Мұндай жанкешті еңбек театр тарихынды бұрын соңды болған емес. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы 82-маусымын шығарып салып, енді 83-ші маусымның шымылдығын ашпақ ниетте дайындық жүргізуде. Алдағы уақытта көрермендерін тың қойылымдарымен қуантпақ. Биылғы «Театр көктемі -2016» өнер байқауында «Бас» қойылымы бас бәйгені еншілеген болатын. Бұл театр ұжымы үшін үлен жетістік, әрине. Күрделі қойылымды жарыққа шығару ұжым үшін қаншама уақыт пен еңбекті талап етті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мүйізі қарағайдай театрлардың ішінен оза шауып, бәйге алу үшін тер тамшылатып еңбек етті ұжым. Режиссуралық шешім, сахнаны безендіру, әртістердің ойыны осының бәрі үндесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана көрермен көңілінен шыға алады. Бұл жағынан алғанда театр қамшы салдырған жоқ. Нәтижесінде қанша рет көрсе де жалықпайтын керемет туынды шықты. Драматург Рахымжан Отарбаевтың «Бас» атты туындысын таңдап алуы да тегін емес. Өте күрделі шығарма. Бір қарағанда алынбайтын қамалдай. Дегенмен театр ұжымы туындының сахнадағы бағын жандыра білді. Жазушы Рахымжан Отарбаев Махамбеттің мүрдесі емес, оның бас сүйегін суреттеп, сол арқылы қоғам шындығын шырқырата суреттейді. Драматург пен режиссердің үндестігі тамаша туындының саханалануына жол ашты. Бір ғана бас арқылы қаншама шындық ашылады. Спектакльде қоғамның ашкөздігі, жас буынның теріс қадамы, тексіздігі айна қатесіз көрініс тапқан. Тіпті, қолды болған батырдың бас сүйегін тапқан топқа қомақты қаржы тағайындалады. Өзара күрес те осы кезде пайда болды. Нүркен Орынбек, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі: «Басты рөлді сомдауға жүрексінгенім рас. Оны ойнау үшін Махамбеттің жырларын жата жастана жаттадым. Көп іздендім. Өмір жолына үңілдім. Жанын, қазаққа деген жанашырлығын мейлінше түсіндім. Содан соң барып рөлге ене алдым деп ойлаймын. Алғашқы премьералық қойылым кезінде мен қазіргідей ұқпаған едім, ал бүгінде айтар ой, сомдайтын кейіпкерім көрерменнің көңіліне жетуі үшін аянып қалман» дейді. Айтары көп, тағлымды туындының көрермені көп болды. Алдағы уақытта да көрермені ең көп спектакльдердің бірі болары сөзсіз. Былтырғы жылдың айтулы туындысы десек артық айтқандық болмас… Бүгінде облыстың бас театрында 150-ге жуық адам қызмет етеді. Оның 43-і — шығармашылық ұжым. Бәрі шетінен талантты, көрерменнің көзайымына айналған әртістер. Ал осы маусымда театрдың керегесін кеңейтіп, академиялық мәртебесін алған ұжымға жуырда өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов су жаңа темір тұлпар сыйлады. Осының арқасында ұжым кең де жайлы автобуспен гастрольге шығып, өнерлерін паш ететін болады. Театрдың 82-маусымын жабылу салтанатында әртістермен бірге көрермен залында тамашалаған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов театр ұжымына жаңа қоныстың көрімдігі ретінде автобус беремін деп уәде берген. Әкім уәдесінде тұрды. Енді шалғай ауыл, аудандарға қиналмай, жайлы автобуспен жетіп, тамаша туындыларын сахналайтын болады. Мұның барлығы да Елбасы Жолдауында айтылғандай мәдениет саласына барынша көңіл бөліп, қолдау көрсетудің арқасы. Әкім театрға қамқорлық танытса, әртістер де бар өнерлерін салып, қазақ өнерінің дамуына атсалысары анық. Ол үшін барлық жағдай жасалынған. Жаңа ғимарат, жайлы дайындық залдары, демалыс, грим жасайтын бөлмелері бар. Театр ұжымы үшін керекті қажеттіліктердің бәрі осында. Әртістер тек қана өз өнерлерін ұштаса болғаны…
Дәулет Бейімбет