Бүгінде «Оңтүстікфильм» мекемесінің атқарып отырған шаруасы ауқымды. 1991 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық кинобейне орталығы болып аталып келген еді. Қазіргі таңда «Оңтүстікфильм» мекемесі тақырыптық 1 345 — көркем, 3 027 — хроникалық-деректі, мультипликациялық бейнефильмдер қорын сақтаушы облысымыздағы жалғыз мекеме. Көне фильмдерді сақтап, оны заманауи техника тілімен жаңа форматқа көшіріп үлкен тірлік тындырып отыр. Оңтүстіктің кино өнері осы мекемеден тамырлайды десек артық айтқандық емес. Болашақ ұрпаққа бейнефильмдер арқылы әдет-ғұрпымызды, тарихымызды насихаттап, үлгі көрсетіп отыр. Көрермендерге тек қана кино, деректі фильмдер көрсетіп қана қоймай мекеме бүгінде тәрбиелік мәні бар фильмдерді өздері де түсіре бастады. Аталмыш кино орталық 2013 жылы Облыстың мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін «Үздік мәдениет және өнер мекемесі» номинациясын иеленген болатын. Қоржынында «Өтелмес борыш», «Жаңғырық», «Ер есімі — ел есінде» қысқаметражды көркем фильмдері қордың негізгі байлығы болып саналады. Бұдан бөлек «Томпақ» балаларға арналған көркем сериалы бүгінде бүлдіршіндердің сүйікті киносына айналған. Ал «Қошқар мен теке» анимациялық мультфильмі халықаралық байқауларға қатысып облысымыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатқаны бар. «Қошқар мен теке» Қытай елінде «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» деген екі бірдей номинацияны иеленіп қазақ өнерін әлемге таныта білді. Мекеме басшысы Батырхан Дәуренбеков ағымдағы жылдың көктемінде «Қазақ елі» атты толық метражды мультфильмді жарыққа шығарды. Себебі, анимациялық туынды қазақ елінің азаттыққа қол жеткізу жылдарындағы қиын кезеңді суреттейді. Алдағы уақытта ел сүйіп көретін кино және анимациялық туындыларын көптеп түсіруді жоспарлап отыр. Бүгінгі жас ұрпақтың отансүйгіш болып өсуі үшін осы бастан патриоттық бағыттағы фильмдер түсіруде. Бұдан бөлек мекеме қайырымдылық шараларына да көптеп үлес қосуда. Жылжымалы киноқондырғыларымен облыстық Ардагерлер үйінде «Өтелмес борыш», «Майдангерлер» атты өз туындыларын ұсынды. Аталмыш демалыс үйінде жатқан ардагерлер мекеменің қайырымдылық шарасына өз алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, «Оңтүстікфильм» КММ-нің кинозалында №3 мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерінде демалып жатқан оқушыларға «Бауыржан Момышұлы» деректі фильмі көрсетілді. Жаңашыл бастамалары да жоқ емес. Жуырда «Оңтүстікфильм» мекемесі «Жастар көзімен» облыстық қысқаметражды көркем фильм және әлеуметтік бейнероликтер байқауын ұйымдастырған болатын. Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған болатын. «Жастар көзімен» облыстық байқауында қысқаметражды көркем фильмдер және әлеуметтік бейнероликтер сынға түсті. Тәрбиелік мән мағынасы бар фильмдер расында қазылар алқасының талғам үдесінен шықты. Осы байқауда «Қортықтың махаббаты» 1 орын, ІІ орын – «Ойлан» ІІІ орын – «Шұғыла» көркем фильмдері лайық деп танылған болатын. Байқау ұйымдастыруда мұнымен де шектеліп қалмай қыркүйек айында Облыстық Мәдениет басқармасының бастамасымен, «Оңтүстікфильм» КММ-нің ұйымдастыруымен «Алтын сақа» атты балаларға арналған қысқаметражды көркемфильмдер кинофестивалін өткізбек. Тәрбиелік мәні бар қысқаметражды фильмдер, анимациялық туындылар, бейнероликтер байқауына барлық жас талап кинорежиссерлер мен операторлар, суретші-аниматорлар қатыса алады. Ұсынылатын фильм патриоттық тақырыпта, ұлттық рухты көтеріп, дүниетанымды қалыптастыратын, тәрбиелік мәні бар,қазіргі әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, оның шешу жолдарын қамтуы қажет. Қазылар алқасының ұйғаруымен іріктелініп алынған фильмдерге және жеңімпаздарға арнайы сыйақылар беріледі. Аталмыш байқауда да нағыз лайықтылар танылады деген үміттеміз. «Оңтүстікфильм» осылайша облысымыздың мәдениет саласына өлшеусіз үлес қосуда.