Оңтүстік Қазақстан облысының дуалы ауыз айтыскер ақындары халықаралық айтыстардан ешқашан да қанжығасы майланбай қайтқан емес. Жуырда ғана Қырғызстанда өткен айтыста жерлесіміз Жарқынбек Наушабек 1 орынды иеленді. Қарсыластарының осал жерін осып түсетін, тілі уытты, мақамы мәнді айтыскер ақынымыздың оза шауып бәйге алғанына жерлестері қуанулы. Бауырлас ел Қырғызстан Республикасында көшпенділер ойындары өткені белгілі. Әлемнің әр түкпірінен келген мықтылардың мақсаты көшпенді халық өркениетінің тарихи мәдени мұрасын жаңарту, ұмытылып кетпей ғасырдан ғасырға жалғасар мұра қылып қалдыру болатын. Жарыс Ыстықкөл жағасындағы Шолпан ата қаласында өтті. Аталмыш аламанға елімізден спорттың 10-нан аса түрінен спортшылар қатысты. Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Белоруссия, Тәжікстан және Өзбекстан спорттық командалары қатысқан болатын. Спортшыларымыз осы сайыста ерен өнер көрсетті. Жалпы жарыстар бағдарламасына 26 ұлттық спорт түрі енгізілген болатын. Ал мәдени бағдарламалар аясында ұйымдастырылған айтысты тамашалаушылар тіптен көп болды. Айыр қалпақты ағайындардың суырып салма айтыскерлері де бар өнерлерін ортаға салып, тартысты өтті. От ауызды, орақ тілді, шешен де, көсем сөз өрнектейтін Жарқынбек Наушабектің өнеріне айтысты тамашалаған бар қауым тәнті болды. Қырғыз ағайындарды мақамды ой орамдарымен таңқалдырған айтыскер ақынды алдағы уақытта өз елдерінде өтетін айтыстан қалдырмай шақыратындықтарын айтты.