Бүгін Түркістанда «Әлемнің жарығы – ана» салтанатты іс-шарасы өтті. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, ардақты аналарды мерекемен құттықтады. – Сіздерді гүл көктемнің ең аяулы әрі шуақты мерекесі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмайсың» демекші, әрбір азамат бұл өмірде ардақты аналарға қарыздар. Әрбір адам үшін дүниеде ананың жүрегі мен аялы алақаны жұмсақ. Ананың перзентке деген мейірімінен асқан мейірім жоқ. Көшбасшы да, қайраткер де, батыр да, ақын да анадан туады. Ананың мейіріміне бас иеді. Бүгінгі мерекелік жиынды пайдаланып, мен де Сіздерге шын жүректен басымды иіп, құрмет көрсетемін. Сіздер Түркістан өңірін өркендету жолында да жемісті еңбек етіп келесіздер. Жаңарған Түркістанды дамытуда қолтаңбаларыңыз бар. Түркістан облысы көлемінде 155 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның ішінде 48 мыңға жуығы – қыз-келіншектер. Статистикаға сәйкес шағын және орта кәсіпкерліктің 32%-ында әйелдер басшылық жасауда. Қоғамның сан саласында елге еңбек сіңіріп жүргендеріңіз үшін шынайы алғысымызды айтамыз. Бүгінде Түркістан өңірі көпбалалы аналар саны бойынша елімізде көш басында тұр. Облыста 177 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 15 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр, – деді Дархан Сатыбалды. Салтанатты жиында облыс әкімі көпбалалы аналарға арнайы алғыс хаттар мен «Алтын алқаларын» тапсырды. Сонымен бірге қоғамның сан саласында еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосып жүрген ханымдарға құрмет көрсетті. Тағы айта кетерлігі, облыс әкімі ауыр еңбекпен айналысатын қарапайым еңбек өкілдерін әрі ерекше ерлігімен көзге түскен аналарды да арнайы құттықтады. Олардың арасында 40 жылдан бері трактор, К-700, ауыр жүк көліктерін жүргізіп келе жатқан арыстық Алтын Құттыбайқызы, Түркістан қаласында салынып жатқан көпқабатты үйлердің ішкі әрлеуімен айналысатын құрылысшы Гүлсім Шалабаева және өзге де қарапайым еңбек адамдары бар. Ауыл шаруашылығы саласының өкілі, екі рет қасқырмен бетпе-бет келіп, бірінде қасқырды атып алған Перизат Ысқақова, кішкентай баланы өрттен құтқарған батыр аналар мен өзге де сала өкілдеріне құрмет көрсетілді. Іс-шара аясында мерекеге арналған театрландырылған қойылым көрсетілді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева және өзге де танымал әншілер әннен шашу шашты. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртістері мен Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздары да ана туралы әндерді шырқап, шуақты мерекенін сәнін кіргізді. «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестрі де келушілерге шабыт сыйлады. Мерекелік іс-шара аясында облыс әкімі мен қонақтар «Rixos Turkistan» қонақ үйіндегі «OzgeEpic» creative hup шығармашылық орталығында «Түркістан әйелдері» фотокөрмесін тамашалады. Шығармашылық орталығының жұмысы туралы ақын Мақпал Жұмабай баяндап берді. Фототілші Әйгерім Бегімбеттің үздік суреттері таныстырылды.