Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осыған орай жуырда Түркістан қаласындағы Тарихи-мәдени-этнографиялық орталықта “Кітап және Отбасы” күніне орай “Ең оқырман Отбасы” атты байқау болып өтті. Білімді жетілдіру қашанда артықтық етпейтіні белгілі. Ол үшін отбасы болып кітап оқуға насихаттау мақсатын ұстанған байқауға 6 отбасы қатысты. Кітапсүйер отбасылардың арасынан іріктеліп алынған Абай атындағы орталық кітапхананың беделді оқырман отбасы Мұстапаевтар әулеті, қалалық №5 кітапхана филиалының оқырман отбасы Рахманберді әулеті, қалалық №14 кітапхана филиалының оқырман отбасы Шерметовтер әулеті, Серт ауылдық №12 кітапхана филиалының оқырман отбасы Камиловтар әулеті, Бекзат ауылдық №30 кітапхана филиалының оқырман отбасы Жайықбаевтар әулеті және Теке ауылдық №35 кітапхана филиалының оқырман отбасы Тойшиевтар әулеттері. Олардың барлығы да оқыған кітаптары туралы қысқаша әңгімелеп, пікірталастың көрігін қыздырды. Байқау 3 бөлімнен тұрды. 1- тур оқырмандар отбасыларының өздерін таныстыру. 2 – тур «Ұтымды жауап, пайымды пікір» үміткерлердің кәсіби мәдени ой пайымдары. 3 – турда «Отбасымен оқитын кітап» — отбасының сүйікті кітабынан сахналық көріністерін көрсету. Қатысқан әр отбасы өздерінің өнерлерін сахналық көріністерін көрсетіп шықты. Байқау қорытындысы бойынша «Кітап және Отбасы – 2016» байқауының жеңімпазы болып Шерметовтер әулеті танылды. Мұндай байқаулардың берері көп. Әсіресе кітап оқудан алыстап бара жатқан жас ұрпақты қызықтырудың таптырмас жолы. Сондықтан да алдағы уақытта осындай байқауларды көптеп ұйымдастыру қажет-ақ.