Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық мәдениет мекемелері өздерінің үлестерін қосуда. Жуырда облыстық қуыршақ театры мерейтойға орай 25 қайырымдылық іс-шара өткізуді жоспарға енгізген болатын. Осыған орай облыстың шалғай шеттегі ауыл аудандарға дейін барып, өз өнерлерін көрсетуде. Жуырда ғана театр ұжымы Төле би ауданындағы «№ 2 балалар үйінің» тәрбиеленушілері мен «Тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған Ленгір көмекші мектеп-интернатының» балаларына өз қойылымдарын тарту етті. Онда спортты кеңінен насихаттайтын Оспанхан Әубәкіровтың «Қожа мен спорт» атты қойылымын ұсынды. Көптен бері қуыршақ театрының өнерін тамашаламаған балақайлар сағынып ақ қалыпты. Олар ұжымның өнерін қызу қолпаштап отырды. Спорт тақырыбындағы қызықты да көңілді қойылым көрермен балақайлардың көңілінен шықты. Қойылымдағы қызықты оқиғаны олар расында асқан қызығушылықпен тамашалады. Сахнадағы басты кейіпкер Қожаның жалқаулығына балалар алғашында реніштерін білдірген болатын. Кейіннен оқиға желісі бойынша Қожаның досы оның спортқа деген қызығушылығын оятады. Ақыры Қожа жалқаулығын сыпырып тастап, спортпен айналысуға білек сыбана кіріседі. Қойылымның қызықты аяқталғанына кішкентай көрермендер ерекше қуанып, театр әртістеріне алғыстарын жаудырды. Ересектер сияқты емес, қойылымды ерекше тамашалайтын кішкентай көрермендер өздерінің эмоцияларын жасырмай, реніштері болса сыртқа шығарып, қуанатын жерінде қол соғып тамашалады. Қызықты қойылымнан кейін олар спортпен айналысатындарын, салауатты өмір салтын қалыптастыратын еңбекқор, тілалғыш болып өсетіндерін жарыса айтып жатты.
Связанные истории
13.09.2024
274086