Наурыз мейрамы – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы тойланып келеді. Содан болса керек, Наурыз мейрамына тән салт-дәстүрлер қалыптасқан. Осы бағытта ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында бүгін Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Нұр – Наурыз, Наурыз – думан» мерекелік шарасы өтті. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Жаңа өмір, жаңа күнмен көрісу» күнімен бірге қатар аталып өткен шараға Түркістан облысының мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің тарих ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай және зиялы қауым өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты. Мерекелік жиынды ақ батасымен Досай Кенжетай ашып берді. Ал содан соң сөз алған басқарма басшысы: – «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді. Егемендік алар шақта ең алғаш Наурыз мерекесін қайта жаңғыртқан мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков еді. Міне содан бері елімізде кең көлемде тойланып келеді. Түркістан облысында да рухани-тарихи елорда атауының мазмұнын терең қалыптастыру мақсатында 10 күн бойы атап өту жоспарланған. Күні ертең «Керуен сарай» туристік кешенінде «Қош келдің – әз Наурыз!» шарасы өтеді. Баршаңызды шақырамын және Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді. Шара барысында «Қызды оң жаққа шығару» дәстүрінен көрініс көрсетіліп, үлкендер бата берді. Сондай-ақ мерекелік көңіл-күй қалыптастыру мақсатында әннен шашу шашылып, өнерпаздар өз өнерін ортаға салды. Ал кітапханашылар келген қонақтарға Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже» ұсынып, мерекелік дастархан жайылды. Жиын барысында келген қонақтар ақ тілегін арнаса, шара соңында кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова мерекемен құттықтап, қонақтарға және атсалысқан ұжымға алғыс білдірді. Осылайша түркістандық кітапханашылар Наурыз мерекесін мәнді істермен өрнектеді