Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының ұлттық жәдігерлерімізді танып білуі үшін түрлі іс шаралар, көшпелі көрмелер ұйымдастырылуда. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан қаласындағы Тарихи-мәдени-этногафиялық орталықтың қор бөлімінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен №1 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп оқушыларына «Қазақтың әшекей бұйымдары мен қымыз ыдыстар топтамасы» атты жылжымалы көрме болып өтті. Аталмыш көрме Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Көшпелі көрмені ұйымдастырудағы мақсат ата-бабаларымыз қолданған тарихи құнды жәдігерлерді оқушыларға насихаттау. Олардың өткен тарихымыздан хабардар болуы үшін әрине мұндай көрмелерді көптеп өткізсе артықтық етпейді. Көрмеде қазақ халқының қымыз ыдыстары торсық, саба, кеселер, ағаштан,былғарыдан жасалған кесе қаптар, қымыз ыдыстары таныстырылды. Ыдыстарды жасау жолдары қоса түсіндірілді. Ұлттық сусын қымызды ашыту, оны дәмін бұзбай ыдыстарда қалай сақтағаны туралы да терең мағлұмат берілді. Сонымен қатар қазақтың зергерлік әшекей бұйымдары ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы шашбаулар, шолпылар, шекеліктер, ХІХғ алқа сырғаларымен құдағи жүзіктері, тіс тазартқыш сияқты жәдігерлер қойылды. Зергерлік дүниелерге зерек көзқараспен қараған оқушылар, ерте замандарда тіс тазартқышты ата-бабаларымыз қолданған ба деген таңқалыстарын жасыра алмады. Зергерлік өнердің сыры сонау сақ, ғұн дәуірінен өзінің сан ғасырлық тарихын қазіргі кезеңге дейін құпиясын аша алмаған тарихы мол, сыры терең дүние екендігі белгілі. Көрмедегі көнеден келе жатқан құнды жәдігерлерді оқушылар қызыға тамашалады. Алдағы уақытта мұндай көшпелі көрмелер көптеп ұйымдастырылатын болады.
Связанные истории
13.09.2024
274086